Әнші Әбдіжаппар Әлқожа да қамауға алынды

1445
Adyrna.kz Telegram

Қазақстанда тағы бір танымал әнші қамауға алынды, - деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Желіде қазақстандық әнші Әбдіжаппар Әлқожаның Қонаевта полиция қызметкерлеріне бағынбағаны үшін ұсталғаны туралы ақпарат пайда болды.

Алматы облысының полиция департаменті толық мәлімет берді. Оқиға 6 шілде күні болды. Полиция қызметкерлері Toyota Camry көлігін тоқтатқан. Тексеру барысында аталған көліктің жүргізушісі көлік құралын басқару құқығынсыз рөлде отырғанын анықтады.

Әбдіжаппар Әлқожаның өзі басқа KIA Carnival көлігінде жолаушы ретінде отырған. Ол сол сәтте тәртіп сақшыларына қысым көрсетіп, құқық бұзушыны тіркеуге кедергі келтіре бастағаны айтылған. Сонымен қатар, полицейлердің айтуынша, әнші мас болған.

«Алайда, көлік айыппұл тұрағына жеткізілген кезде жолаушысы азамат М. полиция қызметкерлеріне заңсыз қысым көрсетіп, құқық бұзушыны тіркеуге кедергі жасай бастаған. Құқық бұзушы полиция қызметкерлеріне бағынбағандықтан медициналық тексеруге жіберілді, оның қорытындысы бойынша «орташа» алкогольдік мас күйі анықталды», - деп хабарлады Алматы облысының полиция департаменті.

Нәтижесінде, көлік құралын басқару құқығынан айырылған күйде басқарғаны үшін «Тойота Камри» көлігінің жүргізушісі 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды.

Сот шешімімен KIA Carnival жолаушысы, әнші Әбдіжаппар Әлқожа да тәртіп сақшысының заңды талаптарына бағынбағаны үшін 10 тәулікке қамауға алынды.

Пікірлер