Сауда және интеграция министрі азық-түлік бағасына қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Үкімет отырысында министр Арман Шаққалиев тілшілердің сауалына жауап берді.
БАҚ өкілдері министрден Қазақстан Қырғызстан және Өзбекстанмен сауда логистикалық кешендерін салу үшін келіссөз жүргізіліп жатқанын айтып, алдағы 10 жылда Қазақстанда азық-түлік бағасының мән-жайын сұрады.
Өз жауабында министр келіссөзге сай жобаның 3-5 жылда іске асатынын және ол азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуді көздейтінін жеткізді.
«Сондықтан ішкі нарықты азық-түлікпен қамту алдағы жылдардың еншісінде. Біз барлық позиция бойынша импортқа тәуелді емеспіз, азық-түлік тұрғысынан айтып тұрмын. Ең басты тауарлар бойынша өзімізді қамтамасыз етіп отырмыз. Сондықтан барлық инфрақұрылым елдер арасындағы тауар айналымын арттыруға бағытталған. Сондай-ақ ішкі нарықтағы азық-түлік түрін көбейту жоспарда тұр», - деді Сауда және интеграция министрі.
Журналист «қазақстандықтар қашан табысының жартысынан көбінен азық-түлікке жұмсауды қояды?» деп сұрады.
«Сұраққа былай жауап берейін: «Көп шығыннан қорықпау керек, аз табыс табудан қорқу керек». Азық-түлік пен тұтыну тауарларына келсек, баға құбылады. Өзімізді қамтамасыз ететін жерде, тұрақты жеткізілім, бәсекелестіктің жоғары деңгейі бар жерде баға нарыққа сай болады. Сондықтан мұнда болжам жасаудың да қажеті жоқ», - деп жауап берді Сауда министрі.