Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Әлия Назарбаеваға және «РОП операторына» байланысты зауыт 1,5 миллиард теңгеге сатылды, деп "Адырна" ұлттық порталы ҚазТАГ агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Бағалауда «Recycling Company» ЖШС ретінде көрсетілген нысан Қарағанды облысында орналасқан. Назарбаевтар иелік еткен «РОП Оператор» зауыты автоқоқыстарды өңдеуі тиіс болатын. Дегенмен, сараптама нысанды зауыт сатылған сомадан үш есе дерлік жоғары бағалаған.
«Сауда түрі: Бағаны көтеру бойынша аукцион (2021 жылдың 17 қаңтарынан бастап). Бастапқы бағасы: 1 533 241 595 теңге Кепілдік: 110 760 000 теңге Сауда-саттық жағдайы: аяқталды. Сауда-саттықтың басталуы: 2024 жылғы 2 мамыр 11.00. Сату бағасы: 1 533 241 595 теңге», - делінген мемлекеттік мүлік тізілімінің электрондық сауда алаңындағы хабарламада.
Экс-президент Назарбаевтың кенже қызы Әлия Назарбаеваға қатысты шағымдар жиіленген. 2024 жылдың 12 наурызында ҚазТАГ редакциясы Астана тұрғындары қоқыс тауларына шағымданып жатқанын хабарлаған. Ал қаладағы қоқысты шығаратын «Clean City NC» ЖШС Назарбаевамен байланысты екенін БАҚ беттерінде жарияланған.
Одан бөлек, 2023 жылдың 26 қыркүйегінде Экология және табиғи ресурстар министрі бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Әлия Назарбаеваға тиесілі компания елордада қоқыс шығарумен айналыспайтынын айтты.
«Бұған дейінгі сұраққа «Әлия Назарбаеваның компаниясы Астанадан қоқыс шығармайды» деп жауап бердіңіз. Алайда мемлекеттік сатып алулар туралы сайтты ашсаңыз, онда 2023 жылы компанияның ондаған келісімшартқа қол қойғанын көруге болады. Демек, Әлия Назарбаеваға тиесілі компания әлі күнге дейін елордадан қоқыс шығарумен айналысып келе ме?», - деп сұрады тілшілер 2023 жылдың 26 қыркүйегінде.
Экология министрі бұл деректі тағы бір тексеріп шығуға уәде берді.
«Мендегі мәліметке сүйенсек, қазіргі уақытта Әлия Назарбаеваға тиесілі компания қоқыс шығарумен айналысып жатқан жоқ. Қосымша мән-жайын білгіңіз келсе, сізбен жеке талқылауға дайынмын. Сіз айтқан деректерді де тағы бір тексеріп шығайын. Содан кейін министрліктің баспасөз қызметі арқылы жазбаша жауап берейік», - деді Экология министрі.
2023 жылдың 20 қыркүйегінде «Аманат» партиясынан сайланған Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров прокуратураның назарын экс-президенттің кенже қызының «РОП операторы» ісіндегі рөліне аударды. Қаңтар оқиғасынан кейін көп ұзамай, 2022 жылдың 18 қаңтарында Назарбаеваның Қазақстаннан 312 миллион доллар шығаруының ықтимал схемасы да анықталған.
ҚазТАГ мәліметінше, 2022 жылдың 19 қаңтарында «РОП операторы» қалдықтарды жинау жауапкершілігінен айырылған. Бұл компания Назарбаевамен байланысты. Қылмыстық іс шулы болғанымен, экс-президенттің қызы сот процесіне тіпті куә ретінде де қатысқан жоқ.
Ал 2024 жылдың 8 наурызында El.kz басылымы («Qazcontent» АҚ жобасы) Назарбаеваның суретін қазақтың көрнекті әйелдерімен қатар қойған. Артынша редакция материалды алып тастаған.
2024 жылдың 28 ақпанында «TPK Asia» ЖШС құрылтайшысы Нұрлан Бимурзин серіктесі Меғдат Қалиев екеуі Назарбаева мен Рогованың рейдерлік шабуылының құрбаны болғанын хабарлады.
«2003 жылы өз ықпалын пайдалана отырып, құны 170 миллион доллар болатын (2003 жылғы бағалаулар бойынша) жеті мұнай базасы мен 96 жанармай құю станциясынан тұратын жұмыс істеп тұрған кәсіпорынды басып алды. Рейд үшін ол бұрынғы иелерін түрмеге қамап, дене жарақатын саламын деп қорқытты. Оның қоқан-лоққылары сенімді болу үшін, ол күндіз Алматының орталығындағы кәсіп иелерінің бірінің әкесін ашықтан-ашық ұрлап кеткен және куәгерлердің айтуынша, ұрлауға құқық қорғау қызметкерлерінің қатысы болуы мүмкін», - делінген кәсіпкерлер сөзінде.
2024 жылдың 14 наурызында Бас прокуратура рейдерлік әрекеті туралы арызды тіркегенін хабарлады. Алайда 5 сәуірде полиция экс-президенттің кіші қызына қатысты қылмыстық іс қозғаудан бас тартқаны, ал 23 сәуірде Назарбаеваның Бимурзинге қарсы арыз жазғаны белгілі болды.