Президент Тоқаев Ресей сыртқы істер министрі Лавровпен кездесті

1317
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт-Тоқаев Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровты қабылдады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Ақордаға сілтеп.

«Қазақстан Президенті Астанаға ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысына қатысу үшін келген Ресей Федерациясының сыртқы істер министрі Сергей Лавровты қабылдады», - делінген дүйсенбі күні таратқан хабарламада.

Мемлекет басшысы Ресей дипломатына ілтипат білдіре отырып, екі елдің қатынастары стратегиялық серіктестік және одақтастық рухында қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.

Кездесу барысында сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі нығайту және инвестициялық-өнеркәсіптік кооперацияны ілгерілету мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды толыққанды жүзеге асырудың маңызы зор екенін айтты. Оның пікірінше, барлық тапсырма стратегиялық сипатқа ие және екі ел арасындағы көпқырлы байланыстарды айтарлықтай нығайтуға бағытталған.

Сонымен қатар кездесуде өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер, сондай-ақ көпжақты форматтағы және интеграциялық бірлестіктер аясындағы өзара іс-қимылдар талқыланды.

 

Пікірлер