Тайвань депутаттары бір-бірімен төбелесті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы ntv-ға сілтеп.
Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, 17 мамыр күні болған төбелеске заң шығарушы органның өзінің жаңа реформалық жобасы себеп болған. Тайвань парламентінің депутаттары жұмыс күнін балағат сөздермен, төбелеспен және мемлекеттік құжаттарды ұрлаумен аяқтады.
Депутаттар заң шығарушы органның өзін реформалау туралы заң жобасын келісе алмады. Билік партиясының бір депутаты палатада орын алған бейберекетсіздікті пайдаланып, төрағаның қолындағы заң жобасы салынған папканы жұлып алып, залдан шығып кетті. Алысқа қаша алмаған депутат бұл әрекетін құжаттың қазіргі қалпында қабылданғанын мүлде қаламайтынымен түсіндірді.
Негізгі оппозициялық партия Гоминьдан парламентке үкіметті бақылау үшін көбірек өкілеттіктер беруді ұсынды. Алайда Лай Демократиялық прогрессивті партиясының жақтастары бұл түзетулерді "билікті конституцияға қайшы теріс пайдалану" деп бағалады. Төбелес салдарынан жиында халық өкілдері зардап шекті. Біреуін залдан зембілмен шығарып, ауруханаға жеткізді.
Айта кетейік, Тайвань парламентіне сайлау осы жылдың қаңтар айында өткен болатын.