Гарвард Бизнес Мектебі Kaspi.kz туралы екінші оқу материалын шығарды

7596
Adyrna.kz Telegram

Гарвард бизнес мектебі (Harvard Business School) қазақстандық жетекші технологиялық компания – Kaspi.kz-ке арналған екінші оқу материалын жариялады.

Гарвард бизнес мектебі өзінің оқыту әдісімен кітаптарда емес, компаниялар мен нақты басқару шешімдері туралы нақты кейстердің негізінде танымал. Классикалық гарвардтық кейс – бұл компанияның алдында тұрған басқару міндеті туралы 20-25 беттік әңгіме. Гарвардтық кейстерді тек Гарвардта ғана емес, сонымен қатар бүкіл әлемдегі басқа да жетекші университеттерде оқытады.

Kaspi.kz басшысы әрі негізін қалаушылардың бірі Михаил Ломтадзе:

«Бұл Kaspi.kz туралы екінші гарвардтық кейс, мұның өзі кез келген компания үшін бірегей жетістік. Kaspi.kz туралы алғашқы кейс 2019 жылы жазылған болатын, ол бойынша студенттер 4 жылдан бері білім алып жатыр. Жаңа кейстің атауы: «Kaspi.kz: инновациялар арқылы сенім қалыптастыру». Ол Kaspi.kz-тегі бірегей корпоративтік мәдениетке және біздің сервистердің сапасына деген құштарлығымызға арналған, бұл біздің сүйікті клиенттеріміздің сеніміне ие болуға көмектеседі. Қазір Қазақстан мен еліміздегі инновацияның қарқынды дамып келе жатқаны туралы бүкіл әлемдегі студенттер мен профессорлардың көбі білетіні біз үшін ерекше қуанышты әрі маңызды».

Гарвард бизнес мектебі Бостонда (АҚШ) орналасқан, ол әлемдегі ең беделді оқу орындарының бірі. Михаил Ломтадзе Гарвард бизнес мектебінің (Harvard Business School MBA) бизнес әкімшілендіру магистрі дәрежесін 2002 жылы алған.

2019 жылы Михаил Ломтадзе Орта Азия, Түркия, Таяу Шығыс және Солтүстік Африка аймағы бойынша Гарвард бизнес мектебінің Консультативтік кеңесінің құрамына кірді. Гарвард бизнес мектебінің үздік түлектері Консультативтік кеңестің құрамына кіреді. Кеңестің негізгі міндеттері – білім беру бағдарламаларын жасауда, өңірлік бизнесті зерделеуде және жаһандық стратегияны қалыптастыруда бизнес мектебіне көмектесу.

Пікірлер