Ұлытау облысында тарихи ескерткіштер аумағы тазартылды

5098
Adyrna.kz Telegram

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының «Киелі мекен» апталығы аясында Ұлытау облысында тарихи орындар мен мәдени ескерткіштер аумағы тазартылды. Бұл туралы облыс әкімдігінің қоғамдық даму басқармасы хабарлады.

Республикалық экологиялық акция аясында облыстағы «Жошы хан» тарихи-мәдени кешені, «Теректі әулие» кешені, Алаша хан, Домбауыл кесенелері, Жезқазған, Сәтбаев, Қаражал қалалары мен Жаңаарқа, Ұлытау аудандарындағы ескерткіштер, аллеялар мен мемориалдық алаңдарда сенбілік өтті.

Оған барлығы 300-ге жуық еңбек ұжымдарынан 4 мыңнан астам адам қатысты. Сенбілікке 122 арнайы техника жұмылдырылып, 448 гектар аумақ қоқыстан тазартылды. Барлығы 65 рұқсат етілмеген қоқыс орны жойылып, 10 аулаға жаңа қоқыс контейнерлері орнатылды. Сенбілік барысында сонымен қатар, 632 ағаштың қураған бұтақтары кесіліп, 405 түп тал отырғызылды.

Естеріңізге салсақ, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы 6 сәуірде басталып, 11 мамырға дейін жалғасады. Акция аясында тарихи-мәдени ескерткіштер маңында, ардагерлердің үйлерінде сенбіліктер өткізіп, жаппай ағаш отырғызу жоспарланған.

Пікірлер