Өмірі өнеге: Көкшетауда Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына арналған конференция өтті

1102
Adyrna.kz Telegram

Көкшетауда Қазақ ғылым академиясының тұңғыш президенті, алғашқы кәсіби тау-кен инженері, геолог-ғалым Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толуына орай «Өмірі өнеге» атты ғылыми конференция өтті, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының мәліметінше, Қаныш Имантайұлының ғылыми қызметінің ауқымы зор, ал Қазақстанның дамуына қосқан үлесіне баға жетпейді. Жезқазғанда 2 миллион тоннадан астам мыс қорының ірі кен орнын ашқан да Қаныш Сәтбаев.

Оның басшылығымен Қазақстанның пайдалы қазбалар картасы жасалды.  Мұндай карталарды әзірлеудегі кешенді әдіс геологияның жаңа бағыты — металлогенияның негізін қалады. Бір қызығы, карта дәлдікке мұқият тексеріліп, ғылыми ортада кеңінен талқыланып, соңында ең сенімді деп танылды.

Орталық Қазақстандағы су тапшылығы мәселесін шешкенде осы Сәтбаевтың жаһандық жобасы.

Тағылымды іс-шараға Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының басшысы Алмас Алин, Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың «Отан тарихы» кафедрасы меңгерушісі, археология, этнология ғылымдарының PhD докторы Қанат Бөдеев, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев, Сәтбаевтанушы, қоғам қайраткері Мейрамбек Қиықов, «Қоғамдық даму орталығы» КММ қызметкерлері, сондай-ақ, білім ордаларының оқытушы-ғалымдары мен студент-жастары және мемлекеттік мекемелердің өкілдері қатысты.

Конференцияда Қаныш Сәтбаев тұлғасының жан-жақтылығы кеңінен қаузалды. Мысалы, 1935 жылы аймақты зерттеу барысында ол ерекше жазуы бар тасты тапты. Кейінірек белгілі болғандай, оны XIV ғасырда Темірлан қалдырған. Өз экспедицияларында ғалым халық әндерін, өлеңдерін жазып алып, педагогикалық қызметпен айналысты, мектептерге арналған Алгебра оқулығын шығарды.

Қазіргі таңда елімізде бір қала, көптеген кәсіпорындар, оқу орындары, қала көшелері академик Қаныш Сәтбаевтың есімімен аталады. Ғаламшардағы кішкентай планеталардың бірі де оның есімі берілген.

«Қаныш Сәтбаевтың адами қасиеттері мен азаматтық ұстанымы, ғалымның жарқын бейнесі баршамыздың есімізде мәңгі қалары сөз.
Аты аңызға айналған тұғыры биік тұлға Қаныш Имантайұлының ұлы есімі ғылым жолындағы ізбасарларына әрқашан үлгі-өнеге болып, ұлықтала бермек!», - деді  Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті ректорының кеңесшісі Аманбай Сейітқасымов.

Пікірлер