Киіктің киесі, биліктің иесі қайда? Жылдағы тасқынға – жыл бойғы жауапсыздық

2390
Adyrna.kz Telegram

Бірнеше өңірде халық су тасқынынан зардап шегіп жатыр. Әзірге 10 облыста ауыл, үйлерді су басып, мал-жан шығынға ұшырап жатыр. Биылғы апат Қазақстан аумағындағы соңғы жылдардағы ең үлкен су тасқыны екені айтылды. Желі қолданушылары оған әзірліктің болмағанын сынап отыр.  Кейбір қолданушылар табиғи апатты былтырғы киік қырғынымен байланыстыруға тырысады. Былтыр Қазақстанда киік атуға рұқсат берілген болатын.  

АҚТӨБЕДЕН БАСТАЛҒАН АҚ ТЕҢІЗ

Су тасқынынан ең көп зардап шеккен аймақтардың бірі – Ақтөбе. Онда Елек өзені арнасынан асып кеткен. Су 20 ауылға баратын жолдарды шайып, тұрғын үйлерді қиратуда. Мыңнан астам адам үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды.

Дегенмен биылғы апатта Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов жағдайды өзі бақылап, су тасқынының салдарын жою үшін қажетті шараларды қолға алып жатқанын хабарлады.

«Жұмысқа Төтенше жағдайлар министрлігі мен Қорғаныс министрлігінің су және ұшақтары кіреді. Біз Telegram арнамызда тәулік бойы су тасқынын жою және адамдарды құтқару туралы толық ақпарат береміз. Жергілікті атқарушы биліктің хабарлауынша, келтірілген залалды бағалау және оның орнын толтыру жұмыстары жүргізіледі», - деді Әрінов.

Қазақстан төтенше жағдайлар министрлігі елдің 10 облысында су тасып, қауіп төндіріп тұрғанын мойындады.

28 наурыз күні министрлік Ақтөбе облысының Қобда кентінде еріген судың жеке үйлерді басып қалғанын хабарлады. Ал Көкшетауда тасқынға қарсы жұмыстар жүргізілуде. Өзен жағасынан асқан судың салдарынан сегіз жеке тұрғын үй, 28 жеке аула және көпқабатты тұрғын үйдің жеті ауласы су астында қалды.

Ақтөбе қаласындағы Сазды өзенінде мұздың жиналуы және су деңгейінің көтерілуі салдарынан Ө.Сейітов көшесінің бойындағы автокөпірден, ауданындағы М.Мәметова көшесінің жол бөлігіне арнасынан асып, су тасыды. Салдарынан қаладағы сауда үйі мен үйлерді су басқан.

30 наурызға ауған түні Ақтөбе облысының Әйтеке би ауданында Щербаково бөгетінің шлюзінің үстінде жарықтар пайда болып, адамдардың эвакуацияланғаны хабарланды.

Абай облысы Жарма ауданындағы жағдай да мәз емес. Мұнда еріген су 12 ауланы шайған. Бүгінде Жезді ауылында су деңгейі көтеріліп, 26 үйді су басқан.Төтенше жағдайлар қызметкерлері 128 адамды эвакуациялады, оның 65-і балалар. Ал бірнеше күн бұрын Аягөз ауданында үш адамның суға кеткені хабарланды. Облыс орталығы Семейде де Ертіс өзеніндегі сең қозғалып, қызыл су жүре бастады.

Наурыздың 26-сы күні Астанада кешке 50-ге жуық ауыл тұрғыны Астана-Павлодар тас жолын жауып, көлік кептелісін тудырды. Халық су тасқынына байланысты төтенше жағдай жариялауды талап етті. Үйін су басқан халық ашынып, митингке шығуын билік заңсыз деп есептеп, оған қатысқан Қояндының алты тұрғынына айыппұл салды.

Қостанай облысындағы екі ауылдың тұрғындары су басқан аймақтан әскери тікұшақпен шұғыл эвакуацияланды.

Ал бүгін Алматы облысы Іле ауданынада Ворошилов су бөгеті жарылды.  

«ЫҚТИМАЛ САЛҒЫРТТЫҚ»

Премьер-министр Олжас Бектенов апаттан зардап шеккендерге үкімет пен әкімдіктер қажетті көмек көрсететіні айтты. «Бұл соңғы жылдардағы ең ірі су тасқыны», - деді осыған орай Премьер-министр.Олжас Бектенов.

Биліктің сөзінше қазір ең басты мақсат – адамдардың өмірін сақтап қалу. Ал мұндай апатқа жол берген «жеке шенеуніктердің салғырттық танытуының ықтимал фактілері» кейінірек талқыланбақ.

Мәжіліс депутаты Сергей Пономарев су тасқыны шамамен 500 мың адамның өміріне қауіп төндіретінін айтып, 27 наурыз күні Үкіметке сауал жолдаған. «Су басқан бір үй қазірдің өзінде апат болды, бүгінде біз жарты миллионға жуық адамның өміріне қауіп төндіріп отырмыз», - деген болатын. Ол министрлер кабинеті мен әкімдіктерді көктемгі су тасқынына дайын емес деп сынаған.

ӨТКЕН ЖЫЛДАР АПАТЫ САБАҚ БОЛМАДЫ

Елімізде бұған дейін соңғы 15 жылдықта ел аумағында су тасқыны салдарынан адам шығыны да орын алған.

2010 жылы Алматы облысында 14 ауданның 42 елдімекенін су басты. Қызылағаш ауылында су бөгеті жарылып, 1857 үйді су алып, оның 631-і қираған. Салдарынан 45 адам қаза тапты, 23 324 мал суға батып өлді.

Дәл сол жылы Шығыс Қазақстан облысында алты ауданның 24 елдімекенін су басты. 1 157 тұрғын үйді су алды, оның 536-сы қирады. 3 906 ірі қара мал, 18 760 ұсақ мал және 648 жылқы суға аққан.

Ал бір жылдан соң Батыс Қазақстан облысында бес ауданның 38 елдімекенін су басып, 2600 астам тұрғын үй мен 7 146 саяжайды су алды. 2011 жылғы апатта адам шығыны болмаса да, 610 бас мал өлді.

2012 жылы Оңтүстік Қазақстанда тоғыз ауданның 23 елдімекенін су басты. 254 үй мен мыңдаған ауланы су алды.

2013 жылы Қостанай облысында үш ауданның 8 елдімекенін су басып, 94 тұрғын үй зардап шекті. Одан бөлек, Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданында еріген қар суы "Көкпекті" бөгеті жарып, 149 үйді су басты, 38 үй қирап қалған. Апаттан бес адам қаза тапты.

2014 жылы Ақмола облысының бес ауданының 13 елдімекенінде 429 тұрғын үйді су басса, 2015 жылы Қарағанды облысында Қарағанды, Теміртау, Шахтинск қалалары мен 48 елдімекенді және тоғыз ауданның екі қыстау су астында қалған. Дәл осы жылы 2121 тұрғын үй су астында қалды, 170-і қирап, 1 711 мал өлді.

2017 және 2018 жылдары Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Алматы, Жамбыл, Қостанай және Ақтөбе облыстарында су тасқыны болды.

2019 жылы Көкшетауда төрт аула су астында қалған.  Шығыс Қазақстан облысының Бесқарағай ауылында  сол жылдың 3 сәуірінде үш жеке тұрғын үйді жер асты сулары басқан. Су тасқыны салдарынан Ақмола облысында бөгет бұзылған болатын.

Сол жылы Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарының жолдарында миллион текше метрге жуық су сорылды.

Ал 2020 жылы Өзбекстанны Қазақстанмен шекаралас тұсындағы Сәрдоба бөгеті бұзылып, Қазақстан аумағын су басқан. Нақтырақ айтсақ, Түркістан облысының бірнеше елді мекенінде 400-ден астам үй су астында қалған. Оңтүстіктегі ауылдардан 5 мыңнан астам тұрғыны эвакуацияланғанын хабарланды.

2021 жылы төтеншеліктер ауа райының күрт жылуынан су тасқыны қаупі басталған сәттен бері 46 тұрғын үйді су басқанын хабарлаған. Ресми мәліметке сүйенсек, өңірлер бойынша Қостанай облысында – 39, Ақмола облысында – 5, Шығыс Қазақстанда – 1 және Нұр-Сұлтанда 1 тұрғын үйге су кірген. Үй ішіндегі су деңгейі 10-15 саниметр деңгейінде болғандықтан, барлық жерде су сорғылау жұмыстары жүргізілген. Сол жылы елімізде облыстық және аудандық маңызы бар 67 автожолға су жайылған. Ақмола облысында – 33, Солтүстік Қазақстанда – 10, Қостанайда – 9, Қарағанды облысында – 8, Шығыс Қазақстанда – 2, Атырау, Ақтөбе, Павлодар облыстарында 1 автожолды су басқан.

2022 жылғы су тасқыны да халықты әбден әбігерге салған. Су тасқыны кезеңі басталғалы Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Павлодар, Қарағанды ​​облыстарында 185 тұрғын үй мен 78 саяжай, 2 әлеуметтік нысан 185 тұрғын үйді, 2 әлеуметтік нысанды және 63 саяжайды су басқан.  Сол жылы Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Павлодар, Қарағанды ​​облыстарында барлығы 1165 адам эвакуацияланды, оның 676-сы уақытша эвакуациялау пункттеріне орналастырылған. Ел аумағында одан өзге аймақтарда апаттан зардап шеккендер болмаған.

Өткен жылы да Қазақстанда су тасқыны басталғаннан бері 162 тұрғын үй, 20 саяжай, техникалық қызмет көрсету станциясы, дәмхана және спорт кешені су астында қалған. Түркістан, Павлодар, Абай, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында ғимараттарды су  басып, тұрғындар эвакуацияланыпты. Төтенше жағдайлар министрлігі Орал қаласы мен Батыс Қазақстанның бес ауданын, сондай-ақ Ақтөбе облысының Қобды ауданындағы апатқа орай төтенше жағдай режимін жариялаған. Сол жылы Ақтөбе облысында 13 тұрғын үй су астында қалып, 311 адам уақытша эвакуациялау пункттеріне жеткізілген.

«АҚБӨКЕН АТУҒА РҰҚСАТ БЕРІЛГЕН ЖЕРЛЕР»

Биылғы су тасқыны – ең үлкен апат деп танылды. Бұған қатысты қоғам белсенділері мен халық әртүрлі пікірде. Айта кету керек, желіде су тасқынының мұндай қауіп төндіруін киіктің киесімен байланыстырып жатқандар көп.

«Осы бізді киіктің киесі ұрып жатқан жоқ па? Кең даладан орын қимай, қолдан қырғызып едіңдер, ал керек болса, сол далаңды суға толтырайын деп... Су тасқынынан зардап шегіп жатқан ағайынға Алла жеңілдігін берсін!» - деп жазды Facebook желісінің қолданушысы Нұржан Нұрмағанбетов.

Әлеуметтік желіде жарияланған қызылордалық тұрғынның пікірі де осыған саяды.

«Қоғамда болып жатқанның барлығын әлеуметтік желіден көріп отырмыз. Сол көргенімнен байқасам ақбөкен атуға рұқсат берген жерлерді, ақбөкендер тұрақты мекендейтін орындарды су алып жатыр. Батыс Қазақстан облысы, Ақтөбе, Қостанай, Астананың төңірегі және де осы маңайды мекен еткен киіктің бәрін қырып-жойды. Ет комбинатын салды. Ал енді осы су алып жатқан жердің сыртынан қарап мынадай ой туып тұр», - делінген пікірде.

Еске сала кетейік, биыл билік ұзын саны 5 350 киік ауланатынын айтқан еді. Оның ішінде Ақмола облысында – 280, Ақтөбе облысында – 90, Батыс Қазақстанда – 1 100, Қарағанды облысында – 1 280, Қостанай облысында – 1 230, Ұлытау облысында – 1 530 ауланады деп көрсетілген.

Бұдан басқа әлеуметтік желіде биылғы су тасқынына биліктің дайын болмағанын сынап жазғандар көп. Олардың кейбірі осындай апат кезінде өтемақы есебінде қаржы бөлу мүмкіндігі туатынын, бірақ оны ешкім тексермейтін айтса, тағы бір топ қолданушылар соңғы жылдары су тасқынын алдын-алу тәрізді маусымдық жұмыстар атқарылмайтынына алаңдаған. Тағы бірі қыста жиналған суды су қоймалары, бөгеттерде жинап, жазда пайдалануға болады деген ұсыныстарын білдірген.

 

Сымбат Наухан

«Адырна» ұлттық порталы

 

Пікірлер