Оқу-ағартудағы қатерлі өспе. Ағартушы алдамшы болмаса екен

2028
Adyrna.kz Telegram

Мектептегі ұрпақтарды ақша табудың құрбанына айналдырып отырған алаяқтарға шектеу қойылмай отыр.

Былтыр, 1-сыныпта оқитын баламның ата-аналар тобында мұғалімі балаларды республикалық математика олимпиада байқауына онлайн қатыстыруды айтып, тестің жауаптарын алдын ала жолдап берді. Мұндай тер шығармай нәтиже алатын жарысқа баламды қатыстыруды әкелік басыма ар көрдім. Қызығушылық танытып, сол сайтқа кіріп көріп едім, бір бала 650 теңге қаражат тапсырып, түбіртекті сайытқа жүктеп беруі керектігі ескертіліпті. Неше күн өтер-өтпей айтылмыш бұл «әділ бәсекеден» «жүлделі» болған балалардың 1-орын алған марапат куәліктерін мұғалім топқа жолдап, ата-аналар талғамсыз мәз болып, бөріктерін аспанға атып, құттықтау айтып, алақайлап жатты.

Тісімді көрсетіп, тілімді жасырып мен қалдым...

Осы жайлы сөз болғанда, бір досым бір кезде бастауыштағы екі баласын мұғалімдерінің нәсихаттауымен осындай бір атағы Алатаудай жарысқа қатыстырмақшы болып, әр бала үшін белгілі санда ақша тапсырғаннан кейін, мұғалім жіберген жалғанымға кіргенде орта мектептің сұрақтары араласқан быт-шыт тест болып шығады. Мұғаліммен осы жайлы азырақ керісіп те қалғанын, оң нәтиже бермегенін айтып, налыған болатын.

Мақаламызға дәлел ретінде бір танысым әңгімелеген мына бір істі айтайын: бастауыш мектеп оқушыларына арналған республикалық мақала жарысының құлақтандыруы бойынша, баласы жазған мақаланы қатысты почтаға жіберіп, неше күннен соң, «балаңыздың мақаласы сараптаудан сәтті өтті, түген қалаға келіп салтанатты марапаттауға қатысса болады, ол үшін пәлен мың теңге тапсырасыз» деген хабарлама алған. Мұндай марапат алуға бала, әрине, өте қызығатыны даусыз. Барам деп байбалам салады. Осыдан ата-анаға түсетін экономикалық салмақ аз ба? Оны қойғанда, кем дегенде 50 баладан осылай ақша жинаса, ұйымдастырғандар бірер миллион теңге ақша түсіреді. Бір бет бетжүздік марапат қағазын жасауға ары кеткенде 500 теңге жұмсалар.

«Жердегі дән аспандағы құсты ұятқа қалтырады». «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» дегендей, бізше болғанда, осындай атағын ат көтере алмайтын «басы жұдырықтай, аяғы қылдырықтай» жалған жарыстарды өткізетін ұйымдарға оқушы ұйымдастырып берген мұғалімдерге белгілі сіріңкелік сыйақы немесе қандай да бір пайдалы нәтиже берілетін болуы мүмкін. Өйтпегенде, олар оқушыларды мұндай жалған байқауларға қатысуға жан сала қузамас та еді.

Әрекет көп қайталанса әдетке айналады. Жастайынан марапат қағазын ақшаға сатып алуға дәніккен бала, университетке түсе қалса дипломды да сатып алуды ойламайды, жалғандыққа, бодаусыз пайда табуға бой алдырмайды, барлық нәрсені ақшамен шешуге бейімделіп «кімнің тарысы піссе соның тауығы» болуға дайын тұратын психика қалыптастырмайды деп, қане, кім кесіп айта алады!?

Қытай халқында «суды лайлап балық ұстау» деген бір тамаша сөз бар. Сондықтан, бір ұлт жанашыры ретінде мыналарды айтқым келеді. «Қауызын тастап дәнін алу» саналы оқырманның еншісінде. Біздікі әсте «байдың асын байғұс қызғаныпты» дегендік емес.

Біріншіден, қалтасын қампайтуды көздеп, оқу-ағартуымызды лайлап, ұрпақтарды жалғандыққа жетелейтін алдамшыларға қатаң заңдық шектеу жасау, оқу-ағарту кеңістігімізді кіршіксіздендіруге ауадай қажет! «Арық атқа қамшы ауыр, жыртық үйге тамшы ауыр» дегендей, оқулықтарымыздағы жетерсіздіктерден туындап отырған проблемаларға енді осындай мәселелер келіп қосылса ұрпағымыз не болмақ?! Айналайындар-ау, "обал боладыны" естен шығармайықшы!

Екіншіден, оқу-ағарту министірлігі, білім академиясы, білім басқармасы, білім бөлімі сынды оқу-ағарту тарауларымен селбесіп ғұзырлы орындар (Журналдар, қоғамдық ұйымдар т.т) өткізген түрлі жарыстардың бейнежазбалары, байқауға қатысқан мақала сияқтылар марапатталу дәрежесі бойынша арнаулы сайтқа жүктеліп, қоғамға ашық жариялануы керек. Бұл, «қабақ қақты, көз қыстылықтан сақтанып», қоғамдық бақылауды күшейтіп, оқу-ағартудағы әділдікті жүзеге асыруға, әділ, ашық бәсекені дамытуға, оқушыларды анағұрлым ынталандыруға өте пайдалы.

Үшіншіден, қытайда және «Денең түзу болса, көлеңкем қисық болады деп алаңдама» деген тәмсіл бар. Іс-шараны ұйымдастырушы орындар алдап-сулап қармақ қаптырып алып ақша сұрамай, іс-шарасы заңды, оқу-ағартуға жауапты органдардың мақұлдығын алған болса, жинауға тиісті қаражатын хабарландыруға алдын ала ашық жазулары керек. «Айран сұрай келіп шелегіңді жасырма» деген-ғой.

Төртіншіден, ұрпақтарымыздың зейін-зердесін дамыту үшін жүріліп жатқан заңды іс-шараларға алғысымыз шексіз. Көбейе берсін! Түрлене берсін! Егер, оздырылатын іс-шараларға қаражат жинау керек болса, (әрине, әділқазы ұсыныс ету, диплом және сертификат жасау, емтихан қағаздарын тексерту т.б дың бәрі ақшамен бітеді) оны шай алып ішу мүшкіл болып отырған кей ата-аналардың қалтасы көтермейді. «Ауызы қисық болса да байдың ұлы сөйлесін» дейтін заман келмеске кеткен. Сондықтан, оқушыларға бағытталған білім байқауы іс-шаралары ақысыз өтуі,оны оқу-ағарту тараулары қаржыландыруы тиіс. Ұлт үміті ұрпаққа бөлмеген қаржыны кімнен аяймыз. Ұстағанның қолында, тістегеннің тісінде кетіп жатқан ақшамыз онсыз да аз ба!?

Ең соңында айтарымыз, асыл ағартуымыз «алдарқатуға» ауысып, ағартушымыз ақшаға аранын ашқан ашкөз алдамшыға айналса, арманымызды алысқа апарар ұрпақтарымыз адамдығынан тым ерте айырылып қалады-ау айналайын, ағайын!

 

Қаусылхан Қасымханұлы

 

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,

жоғары санатты аға оқытушы,

жазушы, аудармашы

 

 

 

Пікірлер