Парламент терезесінен секірген қырғыз депутаты бір айға қамауға алынды

1636
Adyrna.kz Telegram
Фото kaktus.media
Фото kaktus.media

Терезеден секіріп қашқан Қырғызстан депутаты қамауға алынды, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі kaktus.media-ға сілтеме жасап.

Қырғызстан парламенті Жогорку Кенешінің депутаты Эмиль Жамғырчиев 26 ақпанға дейін қамауға алынды. 24 қаңтарда Бішкектің Бірінші Май аудандық соты осындай шешім шығарған.

Жамғырчиев Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің тергеу изоляторында болады.

Қырғызстан депутаты тергеушілерден қашып, парламент ғимаратының екінші қабатынан секірген еді.

Қырғыз Республикасы ҰҚК басшысы Камчыбек Ташиевтің мәліметінше, депутатқа қатысты шекараны заңсыз кесіп өткені үшін, екіншісі алаяқтық үшін іс қозғалған.

Депутат Жамғырчиев 2022 жылдың желтоқсанында кәсіпкер Сәлім Әбдувалиевпен кездесіп, қолдау табу үшін Өзбекстанға заңсыз кірсе, 16 желтоқсанда Бішкекке қайтып оралу үшін тағы да Өзбекстан мен Қырғызстан шекарасын заңсыз кесіп өткен.

"Жамғырчиев Сәлімбай Әбдувалиевтен қолдау сұрап қана қойған жоқ. Ол өзінің көмекшісін де алдаған. Сәлімбайдың көмекшісі өз айғақтарында Жамғырчиевтің бірнеше күн оның қонақүйінде болғанын, бірақ ақшасын төлемей қашып кеткенін айтады", - деді Қамшыбек Ташиев.

10 қаңтар күні Жогорку Кенеш депутаттары Эмиль Жамғырчиевті қылмыстық жауапкершілікке тартуды мақұлдаған. Комиссияның шешіміне 69 депутат та оң дауыс берген.

Ал айыпталушы Жамғырчиев өзін кінәлі деп санамайтынын, сот шешімімен келіспейтінін және оны даулауға ниетті екенін айтты.

Комитет Жамғырчиевке қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталуға жақын екенін, материалдар жақын арада сотқа жіберілетінін айтады.

Пікірлер