Кейіннен басқарма мамандары "домбыра шерту, беташар жасау, сәлем салу - харам" деген мағынада біржақты, негізсіз пікір айтып, халық арасында түсінбеушілік тудырғандарды тезге салатын сөз айтады:
"Сан ғасырдан бері Ислам дінін ұстанып келе жатқан қазақ халқы ұлттық аспабымыз - домбыра арқылы ән, терме-толғау шырқап, тыңдаушыны имандылыққа, ізгілікке, адамгершілікке, Отанды қорғауға, ата-анамызды қадірлеуге шақырған. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы әлеуметтік желі қолданушыларын "домбыра шерту, беташар жасау, сәлем салу - харам" деген мағынада біржақты, негізсіз пікір айтып, халық арасында түсінбеушілік тудырмауға үндейді. Ұлттық құндылықтарға қарсы келу дұрыс емес екенін мәлімдейміз", - делінген ҚМДБ мәлімдемесінде.
Еске сала кетейік, соңғы кездері ұлттық құндылықтарға "жауығып", халықтық игіліктерді "арам" есебінде тілдеу кең етек алды. Айта кетсек, әлеуметтік желіде "домбыра - харам" деген орамалдағы қыздың видеосы тараған болатын. Онда ол:
"Ақыретте ұлтымызбен, ұлтшылдығымызбен өтпейміз. Иманымызбен, некемізбен өтеміз. Мен домбыраға 5 жыл қатыстым. Менің домбыра тартқаным YouTube-те жүр. Мектеп кезінде дін туралы білген жоқпын. Күні кешеге дейін домбыра тарттым. Бірақ, домбыра – харам. Жүрекке тиді, кір екенің білінеді", – деп айтады.
Ал Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өкілдері "насихатшыларды" дәлелсіз, дәйексіз елді дүрліктіріп, түсініспеушілік тудырмауға шақырады.
"Адырна" ұлттық порталы