Талдықорған қаласында 60 отбасы үйлі болды

700
Adyrna.kz Telegram
don24.ru
don24.ru

7 мамыр мен 9 мамыр мерекелері қарсаңында Әлімжанов көшесіндегі 40 және 20 пәтерлік жалгерлік үйлердегі пәтерлердің кілті кезекте тұрған азаматтарға берілді. Нәтижесінде Талдықорған қаласында 60 отбасы үйлі болды.

Өз құттықтау сөзінде Бейбіт Исабаев Талдықорған қаласында соңғы екі жылда тұрғын үй құрылысы бәсеңдеп, үй беру біршама кешеуілдегенін айтып, оған құрылыс жүргізген мердігерлердің жауапсыздығы, бастаған құрылысты аяқсыз қалдыруы, коронавирус індеті сияқты көптеген себептер теріс әсерін тигізгенін атап өтті. Кезексіз үй берудің көптеген фактілері орын алғаны да тілге тиек етілді. Қазір заңсыз берілген үйлерді сот арқылы қайтарып алу жұмыстары жүріп жатыр.

«Тұрғын үймен қамтамасыз ету – халықтың өмір сүру сапасын көтерудегі ең басты мәселелердің бірі. Президенттің алдымызға қойып отырған үлкен талабы да осы. Сондықтан мемлекеттік бағдарламалардың арқасында біз қазір осы мәселеге ерекше назар аударып, қолға алып отырмыз. Қазір Талдықорған қаласында тұрғын үй кезегінде 15 мыңдай адам тұр. Әділдікпен, ашықтықпен жұмыс істей отырып, оларды кезек реті бойынша алдағы бірнеше жылда баспанамен қамту үшін құрылыс қарқынын жылдамдатып, тұрғын үй салу көлемін арттыратын боламыз», - деді Б.Исабаев.

«Нұрлы жер» бағдарламасымен тұрғызылған бұл үйге кезектегі 60 азамат қол жеткізді. Олардың дені көп балалы және толық емес отбасылар, мүмкіндігі шектеулі жандар мен осындай бала асырап отырған жанұялар, жетім балалар, ауған соғысының ардагерлері және басқа да әлеуеметтік осал топқа жататын азаматтар.

Жаңа баспанаға кіргендер атынан мүгедек бала асыраушы отбасынан Ақмарал Алшынбаева, толық емес отбасы санатындағы Назгүл Бейсенбекова және басқа да қоныстой иелері мемлекеттен жасалып отырған қамқорлық үшін ризашылықтарын білдіріп, баспанаға ие болған көршілеріне ізгі тілектерін жеткізді.
Облыс әкімі Бейбіт Исабаев зейнеткер Шамшаману Әбеуова мен көп балалы Бейісбековтар шаңырағына кіріп, дәм татып, теледидар сыйға тартты.

«Отағасы Тілеулі екеуміз алпыс жылдан астам бірге ғұмыр кешіп келеміз. Ақсу ауданында ұзақ жыл педагогика саласында жұмыс істедім. Еңбегім елеусіз қалған жоқ, шүкір. Бес ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірдік. Екі балам өзімнің жолымды қуып, мұғалім болды. Бүгін үлкен қуанышқа жетіп отырмыз. Осындай жақсы жаңалықтар көп бола берсін. Ел іргесі аман, өсіп келе жатқан бала-шағаның өмірі жарқын болсын деп тілеймін», - деді білім саласында ұзақ жыл еңбек еткен зейнеткер, «Білім саласының үздігі» Шамшаману Әбеуова.

Жалпы бүгін қолданысқа берілген 20 пәтерлік үйде 5 екі бөлмелі, 15 үш бөлмелі пәтер болса, 40 пәтерлік үйде 10-ы – бір бөлмелік, 10-ы екі бөлмелік, 20-сы – үш бөлмелік пәтерлер. Пәтерлердің жалпы алаңы тиісінше 1373 м2 және 2354,9 м2. Бұл үйлерді салуға «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 722 млн. теңге бөлініп, игерілген.

Еске салсақ, облыс көлемінде биыл 321,9 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Сол қатарда жыл соңына дейін Талдықорған қаласында 51 тұрғын үй қолданысқа беріледі. Соның 42-сі жергілікті бюджеттен салынса, қалғанын жеке кәсіпкерлер мен меценаттар өз қаражаттарына тұрғызып жатыр. Сөйтіп бір жылда 2 мыңға жуық талдықорғандық отбасы баспаналы болады деп күтілуде.

Пікірлер