Талдықорған қалалық білім бөлімінің бас есепшісі ірі көлемдегі ақшамен ұсталды. Облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бұл деректі растады, деп хабарлайды “Адырна” тілшісі.
48 жастағы әйел қомақты қаржыны алып қашпақ болған.
Тінту кезінде оның үйінен 1 миллиард теңгеге жуық ақша табылды, оның басым бөлігі шетел валютасымен сақталған. Сонымен қатар, одан құжаттар мен жылжымайтын мүліктің кілттері тәркіленді. Оның ішінде 14 пәтер, жеті коммерциялық үй, 2020 жылғы Toyota Land Cruiser жол талғамайтын көлігі және зергерлік бұйымдар бар.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Талдықорғандағы білім бөлімі қызметкерлерінің мемлекеттік бюджет қаражатын ұрлауы бірнеше жыл бойы тұрақты жалғасқаны анықталды. Мемлекет қаржысы осы салада жұмыс істемейтін азаматтарға әзірленген схема бойынша аударылып отырған.
Қылмыскерлер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу жалғасуда.