ОСК Төрағасы Нұрлан Әбдіров Қызылорда облысында болды

2298
Adyrna.kz Telegram

Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Нұрлан Әбдіров Республика Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттарына сайлауды әзірлеу мен өткізу шеңберінде өңірлерге жасаған инспекциялық сапарларын Қызылорда облысында жалғастырды. Төраға алдымен аумақтық сайлау комиссия мүшелері мен мемлекеттік орган басшыларымен қатысуымен көпшелі семинар-кеңес өткізді.


Жиында облысы әкімі аппаратының басшысы, прокуратура, полиция департаментінің басшысы, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы және аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы сайлаушылар тізімін жасақтау, сайлауды ұйымдастыру, оның ішінде материалдық-техникалық қамтамасыз ету, мүгедектігі бар азаматтар үшін сайлау учаскелерін қолжетімді ету үшін қажетті шараларды қабылдау, сайлау бюллетеньдердің учаскелерге уақытылы жеткізу және басқа да маңызды мәселелер бойынша баяндама жасады.

Кеңес барысында облыс әкімінің аппарат басшысы Шахмардан Байманов өңірде 486 002 азамат сайлаушылар тізіміне енгізілгенін, сайлаушылар үшін saylau.orda.gov.kz онлайн платформасы іске қосылғанын атап өтті. Сонымен бірге кандидаттардың үгіт насихат құралдарын орналастыру үшін облыс бойынша 466 орын, үгіттік-баспа материалдарына 268 орын және сайлаушылармен кездесуге 169 орын белгіленгенін тілге тиек етті.


«Өзіңді сайлаушылар тізімінен тексер» сервисі мен saylau.orda.gov.kz платформасы жұмыс істейді. Сервисте әрбір азамат жеке сәйкестендіру номерін (ЖСН) енгізе отырып, тіркелген сайлау учаскесі туралы мәліметті және сол сайлау учаскесінің қай мекен-жайда орналасқанын картадан онлайн көре алады. Яғни аумақтық, округтік және учаскелік сайлау комиссиялары және тіркелген кандидаттар туралы ақпарат енгізілді.

Сайлаушылар үшін telegram-бот (sailau_kzoBot) және «Smart Qyzylorda» мобильді қосымшасы жұмыс істейді. Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ғабит Жаңабаев мүгедектігі бар азаматтар үшін барлық жағдайлар жасалғанын және сайлау күні оларды тасымалдауға 34 инватакси қызмет көрсетіп, дауыс беру күні облыс бойынша 42 онлайн сурдоаудармашы жұмыс жасайтынын атап өтті.


Қызылорда облысының аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әділбек Ерсұлтановтың айтуынша, аймақта 516 сайлау комиссиясы жұмыс жасайды. Оған барлығы 3382 комиссия мүшесі тартылған.

Қызылорда облысы бойынша бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша 522 кандидат тіркелді. Талапқа сай емес 5 азаматтың, партиялық тізімнен өз өтініші негізінде 1 адамның кандидаттығы алынды. Қазіргі таңда 516 кандидат тіркеуден өтті. Оның ішінде: ҚР Парламенті Мәжілісіне 10 кандидат, облыстық мәслихатқа 49 кандидат, қалалық мәслихаттарға 81 кандидат, аудандық мәслихаттарға 311 кандидат тіркелген.

Облыстық мәслихатқа партиялық тізім бойынша 6 партиядан 65 кандидат тіркелді. Жиында Әділбек Ерсұлтанов орташа алғанда бір мандатқа 3,3 адам тіркелгенін атап өтті. Ең үлкен бәсекелестік 6 округте Қызылорда қаласы мен Арал, Жаңақорған аудандарында 5 адамнан келеді.

Тіркелген кандидаттардың ішінде 433-і ер, 83-і әйел адам. Ең жас кандидат 21 жаста, ең ересегі 66 жаста. Мұнан кейін Төраға аумақтық және учаскелік сайлау комиссия мүшелеріне арналған практикалық семинардағы іскерлік ойынды көрді.

Іскерлік ойында аймақтағы іргелі оқу орны Қорқыт ата атындағы университетінің құқықтану мамандығында оқитын студенттер сайлау процесінің ерекшеліктері, дауыс беру тәртібі туралы практикалық ойындар көрсетті. Бұл өз кезегінде жастардың сайлауда дауыс беру мәдениетін қалыптастыруға жол ашады.

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер