Павлодар облысында жолдарды жыл сайын жөндегенімен, жылға жетпей мылжа мылжасы шығып быт-шыт болады. Әсіресе, табиғаты әсем Баянауыл өңіріне демалуға келушілер жазда жол азабын тартады. Жасыбайдан демалып жайнап шыққан турист, үйіне түнеріп жетеді. Былтыр жыл соңында осы мәселе бойынша дүркін-дүркін жиын өткізіп, қол астындағылардың екі аяғын бір етікке тыққан аймақ басшысы Болат Бақауов, «жолдарды құртатын ауыр жүк көліктері» деп кесім жасаған болатын. Өйткені, Баянауыл ауданының аумағында алтын, көмір кеніштері мен қиыршық тастар өндіретін карьерлер орналасқан. Артық салмақпен жүк тиеп алатын ауыр көліктер қара жолдың үстінде ары бері жөңкіліп, асфальттың астын үстіне шығарады. «Артық салмақпен жүретін камаздардың барлығына айыппұ салыңдар», деп ашуға мінген Бақауов, көліктік бақылау инспекциясына тапсырманы шегелеп берген еді. Жергілікті бюджеттен қаражат бөліп, көліктік бақылау инспекциясына заманауи үлгідегі жылжымалы салмақ өлшеуіш құрылғыларды да сатып әперді.
Әлбетте, әкімдікте айтылған әңгіме алысқа бармай ұмытылып қала беретін-ді. Бұл жолы Керекудің әкімдігі артық салмақпен жүргіш жүргізушілермен мықтап күресуге бел буған сыңайлы. Жаңа жылдан бастап камаздарды аңдуға көліктік инспекция ғана емес, жергілікті полиция қызметі мен жол полициясы да қызу кірісті. Майкөбеге көмір артуға барған камаз жүргізушілері кезекте тұрғаннан-ақ құжаттарын сыпырып алып, нөмірлерін шешіп алады екен. «Сендер бәрібір артық салмақпен жүресіңдер. Қайтар жолда «Азаля» деген дәмханаға соғасыңдар. Біз сол жерде күтеміз. Сонда кеп, айыппұлдарыңды төлеп, құжат нөмерлеріңді аласыңдар», депті полицейлер. Айдар есімді камаз жүргізушісінің айтуынша, бұл жағдай жаңа жылдан кейін бірнеше күн қатарынан болған. Ең қызығы, айыппұл арқалап зардап шегіп жатқандар ылғи көмір тасып, нәпақа тауып жүрген қарапайым камаз жүргізушілері. Ал, салмағын асырып сықитып қиыршық тас артып алып жүйткитін жүк көліктеріне жолпол мен көліктік бақылау инспекциясы көз жұма қарайды. Тіпті, көз алдарынан өтіп бара жатса да, теріс айналып, көрмеген кейіп танытады.
Осы алалаушылыққа наразы болған көміртасымалдаушылар бір күн көліктерін қаңтарып қойып, ереуілге шықты. Талаптары, айыппұлды алаламай бәріне бірдей салсын. Немесе, барлығында тыныш жәйлеріне қалдырсын. Жүргізушілердің айтуынша, «Аксуский транспортный логистик» деген фирмаға тиесілі жүк көліктері қанша артық салмақ артса да оларға «жасыл жарық». Өйткені, ол кәсіпорын мықты бір «дөкейге» тиесілі. Жол салумен айналысатын фирмалар өздері жөндеп, өздері тас тасып, жолды бүлдіреді. Ал, Павлодар облысында жолдарға күрделі жөндеу жүргізумен айналысатын бірден-бір компания армяндарға тиесілі. «Жылда тендер ұтып алу үшін жолды қасақана сапасыз салады немесе өздері бүлдіріп, келер жылы қайта жөндейді», дейді наразылық танытқан жүргізушілер. Айтпақшы, былтыр жазда облыс әкімінің туған ауданы Железинге осы армяндардың компаниясы ауыл ішілік жол салды. Екі көлік қатар өте алмайтын қуықтай жолдың сапасына ауыл тұрғындарының көңілі толмайды. Көктемде асфальты қопарылып қалмаса игі еді дейді. Жалпы, жергілікті әкімдіктің межеден артық салмақпен жүретін көліктердің барлығына айыппұл салдыртпай, қара халыққа көмір тасымалдап күн көріп жүрген камаз жүргізушілеріне қырғидай тигені түсініксіз. Ал, қожасы мықты компаниялардың ауыр көліктері ештеңеге пысқырмай жол үстінде жөңкіліп жүр.
"Адырна" ұлттық порталы