Ухнаагийн Хүрэлсүх
Моңғолия премьер-министрі Ням-Осорын 18 қарашада Учрал үкімет жұмысы штаттық режимде жалғасатынын айтты, деп хабарлайды “Адырна”.
Осы жағдайда премьер үкімет аппаратының басшысы Б.Энхбаяр мен әділет министрінің орынбасары Д.Мунх-Эрдэнэ өз өтініштері бойынша қызметтерінен кеткенін хабарлады.
Айтуынша, қорғаныс министрлігіндегі жағдайға қатысты шешім өзгеше болды. Министрдің отставкасы қаралмаған. Ал ел президенті әрі қарулы күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы У.Хүрэлсүх өз өкілеттігін тоқтату туралы өтініш берген. Билік вакуумының алдын алу мақсатында қорғаныс министрлігі мемлекеттік хатшысының өкілеттік мерзімі ұзартылды. Премьер-министр президенттің бұл шешімін қолдап, оны ел алдындағы беделін қалпына келтіруге бағытталған қадам деп бағалады.
Үкімет басшысы мемлекеттік мүлікті жымқыруға қатысты аты аталған барлық лауазымды тұлғаның қызметіне жан-жақты тексеру жүргізілетінін айтты. Құқық қорғау органдарына қызметінен кеткен азаматтардың әрекеттерін заң аясында тергеу тапсырылған. Сондай-ақ Н.Учрал теміржол құрылысы мен оған қатысты келісімшарт төңірегіндегі дауға бұрынғы президент Х.Баттулганы жауапты деп санайтынын жеткізді.
Бұдан бөлек, Моңғолияда кезекті президент сайлауының өтетін күні 20 желтоқсанға дейін белгіленеді. моңғол халық партиясының төрағасы ретінде Н.Учрал партия ішінде қаржылық және ұйымдастырушылық аудит жүргізілетінін жариялады. Ол өзге саяси күштерді де ашықтыққа шақырды. Сонымен қатар демократиялық партиямен бірлесіп билік жүргізу туралы ақпаратты жоққа шығарды.
Бұдан алдын Моңғолия президенті Ухнаагийн Хүрэлсүх өз беделін қалпына келтіру мақсатында президенттік өкілеттігінен бас тартуға ниетті екенін мәлімдеген. Оған дейін Моңғолия Демократиялық партиясының парламенттік фракциясы оны отставкаға кетуге шақырып, істің ақ-қарасын анықтауды талап еткен. «Мен бұл талапты қолдаймын. Моңғолия президенті ретіндегі өкілеттігімді тапсырамын. Маған қатысты тергеу жүргізіліп, абыройым қалпына келтіріледі», - деген. Айыптаулар Таван-Толгой – Гашуунсухайт теміржолын салуға арналған құпия тендермен байланысты. Аталған тендердің жеңімпазы Bodi Group компаниясы болған. Болжам бойынша, кейбір саясаткерлер жалпы сомасы 110 миллион доллар болатын пара алуы мүмкін.
18 қарашада ел парламенті - мемлекеттік ұлы хуралдың тиісті комитетінің отырысында президент өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату мәселесі талқыланды. Жиынға қатысқандардың 77 пайызы Хүрэлсүхтің доғарысын қолдап дауыс берді. Бұл мәселе бойынша соңғы шешім бейсенбі күні, парламенттің жалпы отырысында қабылданады.
Ухнаагийн Хүрэлсүх 2021 жылдың 25 маусымынан бері Моңғолия президенті қызметін атқарып келген. Ол 2017–2021 жылдары ел үкіметін басқарған.
