Болгариядағы президент сайлауы. Ресейге жақтас үміткер жеңіске жетті

109
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/EVySrXdTlWZSJ7VBzcuc9Ry7UiCN1XRkxsIKCHoh.jpg

Болгариядағы президент сайлауының екінші кезеңінде Мәскеумен диалог орнатуды қолдайтын және Украинаға әскери көмек көрсетуге қарсы көзқарас ұстанатын президент міндетін атқарушы Илиана Йотова жеңіске жетті. Бұл туралы BBC жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Жергілікті Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, ол батысшыл оппозиция қолдаған банкир, бұрынғы уақытша үкімет басшысы Андрей Гюровтан басым түскен. Экзитпол нәтижелері де Йотованың жеңісін болжаған.

Сайлау хаттамаларының 100 пайызға жуығы өңделгеннен кейін Илиана Йотова 57,66 пайыз дауыс жинаған. Ал Андрей Гюровты сайлаушылардың 39,38 пайызы қолдаған. Сайлаудың түпкілікті қорытындысы дүйсенбі күні жариялануы тиіс.

Президент сайлауының екінші кезеңі жексенбі күні өтті. Негізінен салтанатты сипатқа ие болғанымен, маңызды мемлекеттік лауазымға Мәскеумен диалог орнатуды жақтайтын Илиана Йотова мен НАТО-мен ынтымақтастықты қолдайтын Андрей Гюров үміткер болды. Йотова вице-президенттікке журналист әрі заңгер Кирилл Вылчевпен бірге сайлауға түсті.

Президент сайлауы Болгарияның Қара теңіз жағалауында қазан айы бойы сауда кемелеріне экипажсыз жауынгерлік катерлердің шабуыл жасағаны туралы хабарлар аясында өтті. Ресейге қатысы бар деген күдікке ілінген бұл шабуылдар халықаралық деңгейде айыпталып, Украинадағы соғыстың ауқымы кеңеюі мүмкін деген алаңдаушылық туғызды.

Сайлаудың бірінші кезеңі өткен демалыс күндері өтіп, оған 27 үміткер қатысты. Қазіргі уақытта президент міндетін атқарып отырған Йотова уақытша үкіметтің бұрынғы басшысы Гюровтан сәл басым түскенімен, 50 пайыздық межеден аса алмады. Бірінші кезеңдегі сайлаушылардың қатысу көрсеткіші рекордтық төмен деңгейде болып, небәрі 23 пайызды құрады.

Бірінші кезеңде Йотова 35 пайыз, ал Гюров 32 пайыз дауыс жинады. Бұл айырмашылық қоғамдық пікір сауалнамаларында болжанған көрсеткіштен әлдеқайда аз болды.

Сауалнамалар Йотова қарсыласынан 20 пайыздық тармаққа озады деп болжаған еді. Алайда бірінші кезеңде Гюров одан небәрі 42 мың дауысқа қалып қойды.

Болгария президенті – мемлекет басшысы. Президенттің қызметі негізінен салтанатты сипатта болғанымен, ол халықаралық қатынастарда елдің атынан өкілдік етеді және қарулы күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы саналады. Сондай-ақ президент парламент қабылдаған заңдарға вето қою құқығына ие, алайда парламент депутаттарының басым көпшілігінің дауысымен бұл ветоны еңсеруге болады. Бұған қоса, сыртқы барлау қызметі де президенттің қарамағында.

Пікірлер