Қытай телеарнасы Испания чемпионатының матчтары мен француз футболшысы Килиан Мбаппе қатысқан жарнамалық материалдарды көрсетуден бас тартты. Бұл туралы Pengpai порталы жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
«Мбаппенің Қытайға қатысты өрескел теріс әрекеттеріне байланысты CCTV телеарнасы 27 қазаннан бастап Ла Лига мен Мбаппеге қатысты матчтардың трансляциясын толығымен тоқтатты», – делінген хабарламада.
26 қазанда The Bridge шоуында Мбаппемен сұхбат жарияланған еді. Футболшыдан өзі туралы жасалған ең күлкілі мемді атау сұралған. Ол өзінің бет-бейнесі «әлдебір жігіттің, шамасы, Қытай диктаторының» суретіне қойылған бейнені есіне алған.
Қытайда Мао Цзэдун ел тарихындағы маңызды тұлғалардың бірі саналады. Сондықтан оған қатысты әзіл-қалжың жасауға жол берілмейді. Мбаппенің сөзі Қытайдың әлеуметтік желілерінде наразылық тудырып, футболшыны бойкоттауға шақырған жазбалар тараған. 27 қазанда Weibo желісіндегі ең көп талқыланған он тақырыптың бесеуі Мбаппеге қатысты болған.
Dongpeng сусын өндірушісі, Mengniu сүт өнімдерін шығаратын компаниясы және Milkground ірімшік өндірушісі футболшымен жасалған келісімшарттарын бұзған. Олар қытайлықтардың ұлттық сезіміне тиетін сөздерді қабылдамайтынын мәлімдеген.
Global Times басылымының мәліметінше, Dior, On және Hublot брендтері Weibo желісіндегі парақшаларынан Мбаппе қатысқан жарияланымдарды алып тастаған. Сондай-ақ футболшының Weibo және RedNote желілеріндегі аккаунттарына жазылу мүмкіндігі шектелген. Бұған қауымдастық ережелерінің бұзылуы себеп болған.
Бұл шудан кейін Мбаппе X әлеуметтік желісіндегі парақшасында кешірім сұрады.
«Менің пікірім ойланбай айтылды. Енді оның Қытайдағы көптеген адамның және әлемнің түкпір-түкпіріндегі қытай қауымдастықтары өкілдерінің көңіліне тигенін түсіндім. Сөздеріме ренжіген барша адамнан кешірім сұраймын. Менің мұндай ниетім болған жоқ. Қытай халқына және оның тарихына зор құрметпен қараймын. Айтқан сөздеріме өкінемін»,– деді спортшы.
China Media Group өкілдері кешірімнің назарға алынғанын, алайда Мбаппенің алдағы әрекеттері де бағаланатынын мәлімдеді. Ла Лига да қытайлық жанкүйерлерден кешірім сұрап, Қытайдағы серіктестерімен жағдайды реттеуге уәде берді.
Қытай Сыртқы істер министрлігі де бұл мәселеге қатысты пікір білдірді. Министрлік өкілі Го Цзякунь қытай халқының сезіміне тиетін сөздер мен әрекеттер қоғамның қарсылығына сөзсіз тап болатынын айтты.
Kaspi.kz Қытайдан тауарларды көтерме сатып алуды жеңілдетеді: төлем теңгемен, сапаны тексеру және есікке дейін жеткізу
