Арғы бетте 8 мың 345 метрлік аса терең ұңғыма бұрғыланды

148
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/0BgqywScpuhTzWgTtiaY46aRYUSifyQnC0IiHYeu.webp

Қытайдың Такла-Макан шөлінің солтүстік бөлігінде аса терең ұңғыманы бұрғылау жұмыстары аяқталды. Бұл туралы CGTN арнасы айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Елдің солтүстік-батысындағы Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы Вэньсу уезінде орналасқан «Чжэньтань-1» ұңғымасы 2 қазанда 8345 метр тереңдікке жеткен.

CGTN мәліметінше, бұл – Қытайда жасалған 12 мың метрлік алғашқы отандық бұрғылау қондырғысының көмегімен қазылған екінші аса терең ұңғыма.

Ұңғыма Тарым ойпатының солтүстік-батысындағы терең қабаттарда орналасқан ірі құрылымдық тұзақтардың мұнай-газ әлеуетін зерттеуге арналған. Әсіресе синь кезеңіне жататын геологиялық құрылымдарды зерделеу және мұнай мен газ қорларын ұлғайтуға мүмкіндік беретін жаңа аумақтарды анықтау көзделген.

12 мың метр тереңдікке арналған бұрғылау қондырғысы биіктігі 82 метр болатын болат мұнарамен жабдықталған. Ол 665 тоннаға дейінгі жүктемеге төтеп бере алады. Осы технологияның арқасында Қытай енді 10 мың метрден астам тереңдіктегі ұңғымаларды бұрғылау үшін шетелдік қондырғыларға тәуелді болмайды.

Бұл – аталған қондырғының екінші рет сәтті қолданылуы. Қуаты 6000 ат күшіне тең, Қытайдағы ең қуатты бұрғылау шығыршығымен және 900 тонна жүк көтеретін көтергіш жүйемен жабдықталған кешен екі жоғары жылдамдықты пойыздың салмағына тең жүкті көтере алады. Ал интеллектуалды басқару жүйесі бұрғылау үдерісін толық автоматтандыруға мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта Тарым мұнай кен орнында тереңдігі 8000 метрден асатын 270-тен астам ұңғыма бұрғыланған. Бұл – Қытайдағы осындай ұңғымалардың жалпы санының жартысынан көбі. Ал 2025 жылы мұнда ел тарихындағы алғашқы 10 мың метрден асатын «Шэньдитакэ-1» ұңғымасын бұрғылау аяқталған болатын.

Пікірлер