Барлау қызметінің бұрынғы басшысы тыңшылық жасады деген күдікпен ұсталды

59
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/cdDR1p5gF16EXJCkvKgFVnVl2vHeJR3kcYc8IaVT.webp

Германия полициясы елдің сыртқы барлау қызметін бұрын басқарған Август Ханнинг пен оның бұрынғы аппарат басшысы Манфред Д.-ны тыңшылық және мемлекетке опасыздық жасау әрекетіне күдікпен ұстады, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.

Германияның бас прокуратурасы хабарлағандай, 80 жастағы Август Ханнинг Солтүстік Рейн-Вестфалия жерінде, ал 64 жастағы Манфред Д. Баварияда ұсталған. Сонымен қатар олардың үйлерінде және Берлинде тінту жүргізілген.

Август Ханнинг 1998–2005 жылдары Германияның федералдық барлау қызметін басқарған. Кейін 2005–2009 жылдары ішкі істер министрлігінде мемлекеттік хатшы қызметін атқарған. Манфред Д. осы кезеңде оның аппаратын басқарған. 2012 жылдан 2026 жылдың наурызына дейін ол барлау қызметінің өзге басшыларының аппарат жетекшісі болған.

Тергеу нұсқасына сәйкес, Ханнинг 2010 жылдың көктемінде Манфред Д.-дан барлау қызметінің қызметкері ретінде қол жеткізе алатын барлау ақпараттарын беруді сұраған. Прокуратураның мәліметінше, бұрынғы барлау басшысы бұл деректерді жеке консалтингтік қызметінде пайдаланып, одан табыс табуды көздеген.

Тергеу дерегінше, 2022 жылдың маусымына дейін Манфред Д. Ханнингке шамамен 2 мың құжат берген. Олардың арасында құпия және тек барлау қызметінің ішінде пайдалануға арналған материалдар болған. Ақпараттың бір бөлігі Германия басшылығына арналған брифингтерді дайындауда қолданылған.

Прокуратураның мәліметінше, Ханнинг алған құпия ақпараттың бірін шетелдік арнайы қызмет өкілінің тапсырысы бойынша талдамалық материал әзірлеуге пайдаланған. Алайда Германия прокуратурасы аталған шетелдік мемлекеттің атауын жариялаған жоқ. Бұл материалдың тапсырыс берушіге берілген-берілмегені әзірге анықталмаған.

Сонымен қатар тергеу барысында Ханнингтің басқа мемлекеттің арнайы қызмет өкілімен байланыста болғаны анықталғаны айтылды. Прокуратураның нұсқасы бойынша, бұрынғы барлау қызметінің басшысы бірнеше жыл бойы оған саяси сипаттағы ақпарат берген. Оның бір бөлігі Манфред Д.-дан алынған материалдарға негізделген.

Қазір іс бойынша тергеу жалғасып жатыр. Күдіктілердің әрекетіне құқықтық баға тергеу нәтижесі бойынша берілмек.

Пікірлер