Иран соққыларынан АҚШ базаларындағы жүздеген нысан зақымданған

54
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/cLZjkHnXhNMbdDmFhiUJNZ9K3WGWdZHcptfShcrY.webp

Фото: CBS NEWS

Иранның Таяу Шығыстағы америкалық әскери нысандарға жасаған соққыларынан жүздеген ғимарат пен құрылыс зақымданған немесе қираған. Бұл туралы Пентагонның бақылаушы органы жариялаған есепте айтылған, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы ВВС-ге сілтеп.

Залал Кувейт, Бахрейн, Катар, Біріккен Араб Әмірліктері, Сауд Арабиясы, Ирак, Оман және Иорданиядағы АҚШ әскери нысандарынан тіркелген.

CBS телеарнасы америкалық әскери қызметшілер ұсынған бірнеше фотосуретті жариялады. Кадрларда қираған радиолокациялық ұшақ, жаншылған тіркемелер және зақымданған ғимараттар көрінеді. Алайда ВВС бұл фотосуреттердің түпнұсқалығын әзірге тәуелсіз түрде растамаған.

Сауд Арабиясындағы «Принц Сұлтан» әуе базасында түсірілген суреттердің бірінде Boeing E-3 Sentry ұшағының қатты зақымданғаны байқалады. Бұл ұшақтар әуе кеңістігіндегі нысандарды алыс қашықтықтан анықтап, бақылауға арналған.

Пентагонның есебіне сәйкес, қақтығыс басталғаннан кейін АҚШ-тың ондаған әскери ұшағы зақымданған немесе жойылған. Олардың арасында Сауд Арабиясында жерде тұрған кезде соққыға ұшыраған бес әуе танкері бар.

Есеп бойынша, 29 маусымға дейін АҚШ-тың соғысқа жұмсаған шығыны 33,4 млрд долларды құраған. Әскери техникадан келген шығын шамамен 3,7 млрд доллар деп бағаланған.

АҚШ Конгресінің Бюджет басқармасы жоғалған әскери техниканың жалпы құнын шамамен 1,9 млрд доллар деп есептейді. Бұл бағалауға ұшақтар, ұшқышсыз аппараттар және әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері кіреді.

Бюджет басқармасы өз есебінің түпкілікті емес екенін атап өтті. Себебі Қорғаныс министрлігі сұратылған мәліметтердің барлығын ұсынбаған. Сондықтан CBO мемлекеттік дерекқорлар мен ашық ақпарат көздерін пайдаланған.

Иранмен қақтығыс АҚШ-та ішкі саяси пікірталасты да күшейтті. Өкілдер палатасы АҚШ-тың Иранға қарсы әскери операцияларын тоқтатуға бағытталған шараны үшінші рет қолдап дауыс берді. Құжат президент Дональд Трамптың Конгресс мақұлдауынсыз әскери іс-қимыл жүргізу өкілеттігіне қатысты пікірталас тудырды.

Сенаттың бұл мәселені қарайтыны әзірге белгісіз.

Сонымен қатар республикашыл конгрессмен Томас Масси Қорғаныс министрі Пит Хегсетке импичмент жариялау бастамасын көтеретінін мәлімдеді. Ол бұл қадамды Ирандағы әскери операциялардың құны мен Конгресс өкілеттігіне қатысты мәселелермен байланыстырды.

Трамп әкімшілігі Хегсетті қолдады. АҚШ Бас прокуроры Тодд Бланш министрдің жұмысын жоғары бағалағанын мәлімдеді.

Қазір АҚШ тарапы үшін негізгі мәселелердің бірі — зақымданған әскери нысандар мен техниканы қалпына келтіру, сондай-ақ әскери ресурстарды толықтыру. Пентагонның нақты қалпына келтіру жоспары мен оның жалпы құны әзірге жарияланған жоқ.

Иранның соққыларынан келген залалдың толық көлемі де әлі нақтылану үстінде. Пентагон мен Конгресс органдарының есептері ашық деректерге және қолда бар ақпаратқа сүйенгендіктен, шығын көлемі кейін өзгеруі мүмкін.

Пікірлер