Құрылтай ғимараттарында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің жұмыс істеу тәртібі белгіленді, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.
Журналистерге Құрылтай іс-шараларын ақпараттық сүйемелдеуге және депутаттармен кездесуге қандай құқық берілгені туралы ақпарат тарады.
Белгіленген тәртіпке сәйкес, журналистер Құрылтайдың баспасөз қызметінің шақыруымен іс-шаралар кезінде арнайы белгіленген орындарда жұмыс істей алады. Сондай-ақ іс-шаралар өтетін және баспасөз қызметі айқындаған өзге де орындарға кіруге мүмкіндік беріледі.
БАҚ өкілдеріне редакциямен байланысу және жедел ақпарат жіберу үшін ұялы байланыс құралдарын, ақпараттық-телекоммуникациялық технологияларды, диктофон, фото және бейнеаппаратураны, сондай-ақ дербес портативті компьютерлерді белгіленген тәртіппен пайдалануға рұқсат етіледі.
Журналистер Құрылтайдың баспасөз қызметімен келісу арқылы тұрақты комитеттердің, саяси партиялар фракцияларының және депутаттық топтардың шақыруымен өтетін іс-шараларға қатыса алады. Сонымен қатар Құрылтай ғимараттарында депутаттармен, мемлекеттік органдар, қоғамдық бірлестіктер және үкіметтік емес ұйымдар өкілдерімен кездесуге құқылы.
Бұдан бөлек, журналистер Құрылтайдың жекелеген іс-шаралары туралы ақпарат алу үшін баспасөз қызметі ұйымдастыратын сұхбаттарға, брифингтерге, баспасөз конференцияларына және кездесулерге қатыса алады.
БАҚ өкілдеріне баспасөз қызметінің көмегімен редакция басшысының жазбаша, ал шұғыл жағдайда ауызша өтініші бойынша фото және бейнематериалдарды пайдалануға мүмкіндік беріледі.
Құрылтай ғимараттарына барған кезде журналистер іскерлік стильдегі киім үлгісін сақтауы тиіс.
Сондай-ақ брифингтер барысында барлық журналистерге сұрақ қоюға тең мүмкіндік беру мақсатында модератор бір БАҚ өкілі қоятын сұрақтардың санын шектей алады. Бұл ретте қатысатын бұқаралық ақпарат құралдарының саны да ескеріледі.
Айта кетейік, бұған дейін журналистер депутаттарға ғимарат дәлізінде сұрақ қойып, жауап алуға мүмкіндігі болған.
Жаңа Конституция қабылданғаннан кейін ауқымды саяси реформалар жүзеге асырылып жатыр – Иордания бақылаушысы
