Фото Getty Images
2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының ширек финалында Испания құрамасы Бельгияны 2:1 есебімен жеңіп, турнирдің жартылай финалына жолдама алды, деп хабарлайды "Адырна".
Испаниялықтар кездесудің 30-минутында есеп ашты. Фабиан Руис қақпашы қайтарған допқа бірінші жетіп, командасын алға шығарды.
Бельгия құрамасы бірінші тайм аяқталмай жатып таразы басын теңестірді. 41-минутта Шарль де Кетеларе қапталдан көтерілген пасты сәтті аяқтап, есепті 1:1-ге жеткізді.
Матч тағдыры ойынның соңғы минуттарында шешілді. 88-минутта қорғаушы Пау Кубарсидің алыстан тепкен добын бельгиялық қақпашы қайтара алғанымен, бірінші болып жеткен Микель Мерино допты қақпа торына тоғытып, Испанияға жеңіс сыйлады.
Осылайша кездесу 2:1 есебімен Испанияның пайдасына аяқталды.
Еске салсақ, испандықтар бұған дейін плей-офф кезеңінде Аустрияны 3:0 есебімен жеңіп, кейін Португалияны жарыс жолынан шығарған болатын. Ал Бельгия құрамасы Сенегалды жеңіп, кейін АҚШ құрамасын ірі есеппен ұтқан еді.
Жартылай финалда Испания құрамасы Франциямен кездеседі.
«Менің қателескенімді білдіреді». Черчесов қазақ тіліне қатысты "әзіл" деп түсіндірген әрекетіне пікір білдірді
