Желіде қазақстандық бала күтушінің АҚШ-тағы зорлық-зомбылығы туралы айтылды

269
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/mRRnaeHL6jED3u34iMvc2UaSMH10G8EYGekZTesp.webp

АҚШ-та тұратын қазақстандық әйелдің үйінде жұмыс істеген бала күтушіге қатысты кәмелетке толмаған балаға күш қолданды деген айыптаулар әлеуметтік желіде жарияланды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Ұлысмедиаға сілтеп.

Желі қолданушысы Маргарита Иманәлінің мәліметінше, оның құрбысы Невада штатында Қазақстан азаматын бала күтуші ретінде жұмысқа қабылдаған. Айтуынша, жұмысқа орналасар алдында әйел барлық қажетті анықтамалар мен ұсыным хаттарын ұсынған.

Алайда бір күні жұмыс берушіге қызының құлап жарақат алғаны туралы хабарланған. Осыдан кейін ол үйдегі бейнебақылау камераларының жазбаларын қарап, онда бір жасар балаға қатысты қатыгездік сипатындағы әрекеттер бейнеленгенін мәлімдеді. Автор жазбасына бейнежазбаны да тіркеген. Оның сөзінше, оқиғадан кейін бала күтуші бірден жұмыстан шығарылған. Сонымен қатар ол аталған азаматшаның Қазақстанға оралуы мүмкін екенін айтып, тұрғындарды сақ болуға шақырды.

Әлеуметтік желіде пікір білдірген тағы бір қолданушы да бұл әйелдің өз үйінде бала күтуші болып жұмыс істегенін мәлімдеді. Оның айтуынша, қызметкер бастапқыда жақсы ұсынымдармен келгенімен, кейін бұрынғы жұмыс берушілерден жағымсыз пікірлер алғаны белгілі болған.

Сондай-ақ ол бала күтушінің агрессивті мінез көрсеткенін, басқа күтушілермен және ата-аналармен жанжалдарға жиі араласқанын, баланы қолынан түсіріп алған жағдай болғанын және үйден ақша мен кейбір заттардың жоғалғанын байқағанын алға тартты.

Жарияланған ақпаратқа қатысты АҚШ құқық қорғау органдарының ресми түсініктемесі немесе сот шешімі әзірге жарияланған жоқ. Сонымен қатар бала күтушіге тағылған айыптаулар бойынша оның ұстанымы белгісіз.

Әлеуметтік желі қолданушылары жарияланған бейнежазбаға пікір білдіріп, егер көрсетілген фактілер расталса, оқиғаға құқықтық баға беріліп, тиісті шаралар қабылдануы тиіс екенін жазуда.

Пікірлер