Forbes-тегі байлық. Экс-президенттің жиені мен әкімнің қызы бар тізім жаңарды

117
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/GyYObT5uLipS0Z1r4GrB3di3gBEGgUt3K6tREUCq.png

Forbes Kazakhstan Қазақстандағы ең жас миллионерлердің жаңартылған тізімін жариялады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Азаттық радиосына сілтеп.

Аталмыш рейтингке кәсіпкерлер мен ірі актив иелері енді. Олардың қатарында экс-президенттің жиені Нұрәлі Әлиев пен Алматының бұрынғы әкімі Ахметжан Есімовтың қызы Айжан Есім де бар.

Forbes Kazakhstan мәліметінше, 41 жастағы Нұрәлі Әлиевтің байлығы 280 млн доллар деп бағаланған. Оның активтері қатарында Дубайдағы Donatello Hotels and Resorts және Алматыдағы Donatello Boutique Hotel қонақүйлері бар. Тізімге енген Айжан Есімнің байлығы 207 млн доллар көлемінде бағаланған. Басылым оның негізгі капиталы “Қазфосфаттағы” үлесін сатудан кейін артқанын жазады.

Сонымен қатар рейтингке Айжан Есімнің бұрынғы жұбайы Ғалымжан Есенов те кірді. Forbes дерегінше, оның байлығы 564 млн долларды құрайды. Бұрынғы Alatau City Bank иесі қазіргі уақытта “Транстелеком” компаниясындағы жанама үлесін сатумен айналысып жатыр. Рейтингтегі ең жас миллионер ретінде 35 жастағы Шахмұрат Мүтәліп аталды. Оның есімі Integra Construction KZ компаниясымен байланысты. Forbes оның байлығын 482 млн доллар деп бағалаған.

Тізімде Тимур Тұрлов та бар. Ресейде туған кәсіпкер кейінгі жылдары Қазақстан азаматтығын алған. Forbes мәліметінше, оның байлығы соңғы бір жылда 600 млн долларға азайғанына қарамастан, жалпы капиталы 5,2 млрд долларды құрап, ең бай қазақстандықтар арасында 6-орынға тұрақтаған.

Пікірлер