Димаш ұйымдастырған байқауда қазақстандық әнші жеңімпаз атанды

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/mr74AosTIdqFVeswFCbGyB8Ufxge8TucalU2i0R5.jpg

Қазақстандық әнші Нұржас Садырбаев Димаш Құдайбергеннің бастамасымен ұйымдастырылған "Voice Beyond Horizon" вокалдық байқауында жеңіске жетті, деп хабарлайды "Адырна".

Өнерпазды ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева құттықтады.

«Нұржастың таланты, еңбегі мен сахнадағы шеберлігі әлемнің әр елінен келген қатысушылар арасында ерекше танылып, лайықты түрде жоғары бағаланды.

Димаш Құдайбергеннің бастамасымен іске асқан жоба Түркістан қаласында бастау алып, Ақтау мен Алматыда жалғасып, елордада қорытындыланды. Қытай, Қазақстан, Малайзия, Сербия, Италия және Қырғызстан елдерінен келген қатысушылар Қазақстанның киелі жерлерін бірге аралап, халқымыздың мәдениетімен, тарихымен және еліміздің бай табиғатымен танысты.

Өнер жолында табанды еңбек етіп, еліміздің мәдениетін әлемге танытып жүрген жас дарын иесіне алдағы уақытта да жаңа шығармашылық жетістіктер тілеймін», – делінген құттықтауда.

Музыкантты Димаш Құдайберген де құттықтап, оның шеберлігі мен музыкаға деген сүйіспеншілігіне алғыс білдірді.

Ал Нұржастың өзі бұл жеңісті бүкіл Қазақстанның жеңісі деп атап өтті.

"Құрметті ағайын! Бүгінгі жеңіспен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! Бұл жеңіс тек менің ғана емес, күллі” Қазақ “елінің жеңісі.
Маған жанкүйер болып, мен үшін уайымдаған жандарға алғысым шексіз! Осы орайда ағам , Димаш Құдайбергенге алғысымды білдіремін. Аға сізге көп рахмет. Алғысым шексіз! Мені осы деңгейге жеткізген елімнен айналайын", - деп жазды Нұржас.

Айта кетсек, байқаудың түсірілімі Қазақстанның көрікті жерлерінде өткен. Жобаға алты елден келген әншілер қатысты.

Пікірлер