Бүгін, 16 наурыз Алматыда Қазақстанның танымал клубтары – «Қайрат» пен «Ақтөбе» арасында футбол матчы өтеді, деп хабарлайды "Адырна".
Ойынға байланысты Алматы қаласы полиция департаменті стадион аумағында және оның маңында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларын күшейтті.
Алматы қалалық полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Айдын Қабдулдиновтің айтуынша, спорттық іс-шара кезіндегі қоғамдық тәртіп тұрақты бақылауда болады.
«Матч өтетін күні стадион мен оның маңындағы аумақта қауіпсіздік шаралары барынша күшейтіледі. Қосымша полиция күштері жұмылдырылады. Ойын өтетін аумақ толық бақылауда болады», – деді ол.
Сондай-ақ департамент басшысы жанкүйерлерді стадионда тәртіп сақтауға шақырды.
«Футбол – эмоция, командаға деген қолдау мен жанкүйерлік. Алайда барлығына ортақ бір қағида бар: заң мен қоғамдық тәртіп кез келген эмоциядан жоғары», – деді Айдын Қабдулдинов.
Полиция өкілдері қоғамдық тәртіпті бұзуға бағытталған кез келген әрекетке жедел шара қолданылатынын ескертті. Атап айтқанда, агрессия, арандату, қорлау, бейәдеп сөздер айту, бұзақылық әрекеттер жасау және тыйым салынған заттарды пайдалану заңмен қудаланады.
«Мұндай әрекеттерге полиция тарапынан бірден жауап беріледі. Құқық бұзушылар анықталып, әрбір дерекке құқықтық баға беріледі», – деп мәлімдеді алматылық полиция басшысы.
