«Құқық тәртібі әліппесі» қатысушылары Қарағанды облысы ТЖД жұмысының қыр-сырымен танысты

157
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/QJpq9fk8OsvD9UuSenu5zaLazszp2mdvEVVpxNGH.jpg

Өрт дабылы, жылу-түтін камерасы, биіктен құтқару және жол-көлік оқиғасынан кейін зардап шеккен адамды көліктен шығару — «Құқық тәртібі әліппесі» акциясының қатысушылары тек құтқарушылардың жұмысымен танысып қана қоймай, оны іс жүзінде көрді. Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаментіне ұйымдастырылған экскурсия қонақтарға азаматтық қорғау қызметінің күнделікті өмірі мен жұмыс ерекшеліктерін толық түсінуге мүмкіндік берді.

Акция «Заң және тәртіп» идеологиялық тақырыбы аясында өткізілді және Қарағанды облысы прокуратурасының Жобалық кеңсесінің жүйелі жұмысының бір бөлігі ретінде ұйымдастырылды. Оның негізгі мақсаты — мемлекеттік органдардың ашықтығын арттыру, заңдылық принциптерін іс жүзінде көрсету және қоғаммен тікелей диалог орнату.

Іс-шараға прокуратура, әкімдік, депутаттар, қоғамдық ұйымдар және студенттер қатысты.

— Біздің міндетіміз — құтқарушылардың күнделікті қызметін барынша жан-жақты көрсету: олар қандай шақыруларға жауап береді, қандай техника пайдаланады және төтенше жағдайларда қалай шешім қабылдайды. Мұндай формат азаматтық қорғау қызметінің нақты жұмысын өз көзімізбен көруге мүмкіндік береді, — деді ТЖД орынбасары, азаматтық қорғау подполковнигі Думан Далешов.

Бағдарлама мамандандырылған №1 өрт бөлімшесінен басталды. Қонақтарға ақпаратты жинау, өңдеу және беру, сондай-ақ бөлімшелердің төтенше жағдайлар кезінде әрекет ету тәртібі көрсетілді. 

Кейін қатысушылар қызмет мұражайын аралап, азаматтық қорғау бөлімшелерінің тарихымен танысты.

Ерекше қызығушылық тәжірибелік бөлімде артты. Қатысушыларға өрт сөндірушілердің дайындықтан өтетін жылу-түтін камерасы, ғимараттың жоғарғы қабатынан зардап шеккен адамды құтқару, кинологиялық топтың қатысуымен орманда шартты зардап шеккенді іздеу, су асты маманының қысқы түсірілісі, жол-көлік оқиғасынан кейін көліктен адамды шығару, сондай-ақ гидравликалық және авариялық-құтқару құралдарының мүмкіндіктері көрсетілді.

Мұндай іс-шаралар департаментте тұрақты түрде өткізіліп тұрады, бірақ прокуратурамен бірлесіп ұйымдастырылған бұл формат алғаш рет болды. 

Акцияның басты мақсаты — тұрғындарды құтқару қызметінің жұмысы туралы жан-жақты хабардар ету, құқықтық мәдениетті дамыту және мемлекеттік органдар мен қоғам арасындағы сенімді нығайту.

Пікірлер