Қарағанды облысында инвесторлармен жұмыс істеудің жаңа тәсілдері талқыланды

173
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/Emk4mHdsR7RclPOxV1qEJnGCVNipk1HnckumNdO3.jpg

Қарағанды облысында инвесторлар нақты құқықтық қолдау мен өз мүдделерінің қорғалуына сенім арта алады. Өткен жылдың соңында Мемлекет басшысының бастамасымен Бас прокуратура жанынан Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті құрылды. Бұл — бизнеспен өзара іс-қимылдың жаңа форматы, ол мәселелерді жедел шешуге және әкімшілік кедергілерді жоюға мүмкіндік береді.

Әр өңірде облыс прокурорлары инвестициялық прокурорлардың функцияларын атқарады. Сонымен қатар инвестициялық жобаларды сүйемелдейтін және бизнес туындаған мәселелерді шешуге жәрдемдесетін жұмыс топтары құрылған. Инвесторлармен жұмыс істеудің жаңа құралдары мен қолдаудың нақты тетіктері бизнес өкілдерімен өткен кездесуде талқыланды.

— Мемлекет басшысы инвесторлардың құқықтарын қорғауды жоғары деңгейге қойып отыр. Біздің міндетіміз — облысты инвесторлар бір жобамен ғана емес, ұзақ мерзімге келетін мүмкіндіктер аймағына айналдыру. Біз өңірдің бизнес үшін сенімді әрі болжамды аймақ ретіндегі имиджін нығайтуға және жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз, — деді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Оның айтуынша, инвесторлармен жұмыс үш негізгі қағидатқа негізделеді: ашықтық, заңдылық және әріптестік. Әрбір инвестор қайда жүгіну керектігін, көмекті қайдан алатынын және мәселесінің қаншалықты жедел шешілетінін нақты білуі тиіс — артық тосқауылдар мен бюрократиялық кідірістерсіз.

Бұл қағидаттардың сақталуына прокуратура кепіл болады. Өңірде инвестициялық жобаларды барлық кезеңде сүйемелдеп, олардың іс жүзінде жүзеге асырылуына ықпал ететін жұмыс тобы жұмыс істейді.

— Ортақ мақсатымыз — тұрақты әрі қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру. Инвестор заң мен мемлекетке сенген жағдайда ғана бұл мүмкін болады. Прокуратура бизнеске барлық мәселелер бойынша қолдау көрсетуге әзір, — деп атап өтті облыс прокуроры Бауыржан Мырзакеров.

Облыста «прокурорлық сүзгі» тетігі енгізілген. Ол инвесторларға қатысты мемлекеттік органдардың шешімдерін прокурормен міндетті түрде келісуді көздейді. Осы жүйенің нәтижесінде негізсіз 23 тексеру кері қайтарылып, 88 жағдайда инвесторларды әкімшілік жауапкершілікке тартуға жол берілмеді, сондай-ақ жобаларды сүйемелдеу барысында 65 проблемалық мәселе шешімін тапты.

«SILK ROAD ELECTRONIC» ЖШС директоры Александр Крицкий қадағалау органымен өзара іс-қимылдың жоғары тиімділігін атап өтті.

— Біздің тәжірибемізде прокуратура туындаған жағдайға жедел әрекет етіп, заңдылықтың сақталуын қалпына келтіруге ықпал еткен табысты кейс бар. Принципшіл әрі сындарлы ұстанымның нәтижесінде мәселе құқықтық алаңда және қысқа мерзім ішінде шешімін тапты. Мұндай өзара іс-қимыл форматы кәсіпкерлерге әкімшілік кедергілерге алаңдамай, өндірісті дамытуға және жаңа жұмыс орындарын құруға назар аударуға мүмкіндік береді, — деп атап өтті Александр Крицкий.

Өңірде «бір терезе» қағидаты мен инвестициялық штаб жұмыс істейді. Жаңа инвестициялық стратегия қабылданып, оған сәйкес қалалар мен аудандардың әкімдері инвестициялық жобалардың іске асырылуына жеке жауапты болып белгіленді.

Пікірлер