Қытай әскери басшылығында "тазалау" жүруде. 23 адам қызметінен кеткен

267
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/REQhxuGMmCv6jG6FJqpkunsaNGVnwyLzLGGU0PQO.jpg

Қытайдың халық-азаттық армиясының жоғары қолбасшылығында ауқымды тазалау жұмыстары жалғасып жатыр. The New York Times бұл жағдайды елдің қазіргі заманғы тарихындағы бұрын-соңды болмаған құбылыс екенін айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

2023 жылдың басынан бері жоғары лауазымды 30 генерал мен адмиралдың ішінде тек жетеуі ғана өз қызметінде қалған. Қалғандары қызметтен босатылған немесе қоғамдық кеңістіктен мүлдем жоғалып кеткен Бұл туралы газет Қытайдың мемлекеттік БАҚ хабарламалары мен ресми мәлімдемелерге сүйене отырып жазды.

Соңғы оқиғалардың бірі ретінде Қытайдың Орталық әскери кеңесіндегі Си Цзиньпиннің бірінші орынбасары Чжан Юся мен біріккен штаб бастығы генерал Лю Чжэньлиге қатысты іс қозғалғанын айтуға болады. Олар ресми түрде «тәртіп пен заңды өрескел бұзды» деген күдікке ілінді.

Әдетте жеті мүшеден тұратын Орталық әскери кеңестің құрамы қазіргі уақытта іс жүзінде екі адамға — Си Цзиньпин мен генерал Чжан Шэнминьге дейін қысқарған. Қалған мүшелер сыбайлас жемқорлыққа қарсы науқан аясында қызметтен алынған. Чжан Шэнминь әскери антикоррупциялық бақылау органдарында ұзақ жыл жұмыс істеп, 2025 жылы кеңес төрағасының орынбасары болып тағайындалған. Ол әскердегі саяси тәртіп пен адалдықты бақылауға жауап береді.

Қызметтен босатулар әскердің барлық түрлерін қамтыған, оның ішінде зымыран күштері мен әскери-теңіз флоты да бар. Чжан Юся мен Лю Чжэньлидің кетуі әскери кеңесті соғыс дайындығына жауапты негізгі қолбасшыларсыз қалдырды. Енді ірі операцияларды жоспарлаумен төменгі дәрежелі офицерлер айналысып жатыр. Басылым мұның Си Цзиньпиннің Қытай қарулы күштерінің жауынгерлік қабілетіне деген сенімін әлсіретіп, әскери басшылықта вакуум қалыптастыратынын атап өтті.

Сонымен бірге The Wall Street Journal жаппай отставкалар Си Цзиньпинге армияға толық бақылау орнатуға мүмкіндік беріп, Тайваньға ықтимал басып кіруге дайындықты жеделдетуі мүмкін екенін жазды. Кейбір деректер бойынша, Си мен Чжан Юся арасында мұндай операцияның мерзіміне қатысты келіспеушіліктер болған. Қытай басшысы 2027 жылға дейін толық дайын болуды талап етсе, генерал 2035 жылды атаған.

Қазіргі және бұрынғы америкалық шенеуніктердің айтуынша, тазалаудың нақты себептері әлі белгісіз. The Wall Street Journal дерегінше, Чжан Юся АҚШ-қа Қытайдың ядролық бағдарламасына қатысты маңызды техникалық мәліметтерді таратып жіберді және кадрлық тағайындаулар кезінде пара алды деген айыптарға ұшыраған. Сонымен қатар оны «саяси топтар құруға», яғни ықпал желілерін қалыптастыруға күдіктендіреді. Пекин мұны партия бірлігіне қауіп ретінде қарастырады.

Пікірлер