Жапаровтың баспасөз хатшысы Соловьевке деген үнсіздік себебін айтты

520
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/Ei8XfyFVtQAtMMpVnCElGbwLRgyXbRyM6T41xxd0.jpg

Қырғызстан президентінің баспасөз хатшысы Асхат Алагөзов Ресейдің пропагандашыл журналисі Владимир Соловьевтің соңғы мәлімдемелеріне не себепті ресми жауап берілмегенін түсіндірді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі fergana.ru-ға сілтеме жасап.

10 қаңтарда журналист Армения мен Орталық Азияны Ресейдің ықпал аймақтары деп атап, олардан «айырылу» ұлттық қауіпсіздік үшін түйткіл болатынын жеткізген еді.

«Мұндай мәлімдемелерді ресейлік журналистің әртүрлі тақырыптағы көп сағаттық эфирлерінің бірінде айтылған бос әрі маңызды емес сөз ретінде қабылдау керек. Егер пікір депутат немесе министр тарапынан айтылса, бұл – басқа жағдай. Ол кезде жауап біздің депутаттар немесе үкімет мүшелері арқылы берілетін еді»,-деді Алагөзов.

Бұған дейін парламент депутаты Дастан Бекешев Соловьевті нон грата тұлға деп жариялауды ұсынған еді. Баспасөз хатшысының айтуынша, бұл мәселе қаралуы мүмкін.

Ресей мен біздің еліміз арасындағы екіжақты және көпжақты қарым-қатынастар, сондай-ақ Ресей мен Орталық Азия мемлекеттері арасындағы байланыс ең жоғарғы деңгейде қалыптасқан. Бұл әртүрлі деңгейдегі өзара сапарлар мен ТМД, ЕАЭО және ШЫҰ сияқты ұйымдар аясындағы ынтымақтастық арқылы көрініс табады. Сондықтан бұндай болжамдардың негізі жоқ деп санаймын»,- деп толықтырды ол.

Алагөзов Соловьевтің мемлекеттік арнада жұмыс істейтінін және ұлттар арасындағы қарым-қатынасты шиеленістіретін түсініксіз мәлімдемелері екі ел азаматтары арасында кем дегенде түсінбеушілік туғызатынын, кей жағдайларда қатаң шаралар қолдануды талап ететінін атап өтті.

«Біз оның басшылығы ақылға қонымды шаралар қолданады деп үміттенеміз»,- деп қорытындылады Қырғызстан президентінің баспасөз хатшысы.

Орталық Азияның басқа елдері әзірге ресми мәлімдеме жасаған жоқ.

Еске салайық, 12 қаңтарда Армения СІМ Ресей елшісі Сергей Копыркинді шақырып, ресейлік мемлекеттік телеарна эфирінде айтылған мәлімдемелерге байланысты наразылық нотасын табыстаған болатын.

Пікірлер