Алматы қаласындағы Республика алаңында, «Тәуелсіздік таңы» ескерткіші маңында 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысушылар жиналды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Orda.kz-ке сілтеп.
Олар қаза тапқан азаматтардың рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойып, Құран бағыштады.
Сондай-ақ жиналғандар «Желтоқсан желі» әнін хормен орындады.
Желтоқсанға қатысушылар сол күндердегі қанды оқиғаларды ауыр естеліктермен еске алды.
Олардың айтуынша, алаңға шыққан жастарға күш қолданылып, көпшілігі белгісіз бағытқа әкетілген.
Желтоқсан оқиғасына қатысушы, бұрынғы депутат Мадина Хабибулла сол күндері жастарды өрт сөндіру көліктерімен су шашып, темір таяқтармен соққыға жыққанын айтты.
Оның сөзінше, көптеген адам оқу орындарынан шығарылып, Алматыдан қуылған, ал кейбір құрбандардың қайда жерленгені әлі күнге белгісіз.
Ал 2025 жылдың 16 желтоқсанында алаңда бірнеше полиция қызметкерлері болған. Алаңда митинг не шеру белгілері байқалмаған.