13 желтоқсанда Ашхабадта өткен халықаралық форум барысында Пәкістан премьер-министрі Шехбаз Шариф екі президенттің келіссөзіне кіріп кеткен, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Avia.pro-ға сілтеп.
Ресей президенті Владимир Путинмен жеке кездесу үшін 40 минуттан астам уақыт күткен. Алайда осы уақыт аралығында Ресей басшысының Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанмен келіссөзі ұзаққа созылған.
Ресейлік БАҚ мәліметінше, келіссөздердің созылып кетуіне байланысты Шехбаз Шариф қауіпсіздік қызметінің қарсылығына қарамастан, залға кіріп, Путин мен Ердоғанның әңгімесіне қосылған. Ол бөлме ішінде шамамен он минуттай болып, кейін залдан шығып кеткен.
Оқиға сәті видеоға түсіп, әлеуметтік желілерде кеңінен тарады. Бұл жағдай қоғамда қызу талқылауға себеп болды. Алайда кейбір дереккөздер кейінірек оқиғаның мән-жайы бұрмаланып берілуі мүмкін екенін де алға тартты.
Ал Владимир Путин мен Режеп Тайып Ердоған арасындағы кездесу шамамен 40 минутқа созылған. Кей ақпараттарға сәйкес, келіссөз барысында ресейлік активтерді тәркілеу мәселесі талқыланған.