АҚШ Өкілдер палатасының Демократтардан құралған Қадағалау комитеті 2019 жылы түрмеде өлімі орын алған, сексуалдық сипаттағы қылмыстар мен педофилияға қатысты айыпталған қаржыгер Джеффри Эпштейннің тұрғын үйінен 19 жаңа сурет жариялады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы ВВС-ге сілтеп.
БАҚ бетінде жарияланған фотоларда АҚШ президенті Дональд Трамп, Трамптың бұрынғы кеңесшісі Стив Бэннон, АҚШ-тың экс-президенті Билл Клинтон, Microsoft компаниясының негізін қалаушы Билл Гейтс, Ұлыбританияның ханшайымы Елизавета II-нің ортаңғы ұлы принц Эндрю (Эндрю Маунтбеттен-Виндзор), актер және режиссер Вуди Аллен, британ кәсіпкері Ричард Брэнсон, бұрынғы АҚШ Қаржы министрі Ларри Саммерс, адвокат Алан Дершовиц бар.
Дональд Трамп Эпштейнмен ұзақ жылдар бойы достық қатынаста болғанын мәлімдеген. Алайда тұлғаға қатысты дау шыққаннан кейін олардың қарым-қатынасы 2004 жылы, Эпштейннің бірінші рет тұтқындалуынан бірнеше жыл бұрын, бұзылғанын айтқан. Трамп Эпштейннің қылмыстарына қатысы бар деген хабарламаларды бірнеше рет жоққа шығарған. Принц Эндрю да өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарады.
Қадағалау комитетінің демократ конгрессмені Роберт Гарсия суреттер архиві 95 мыңнан астам фотодан тұратынын және демократтар олардың бәрін зерттейтінін айтты. Жаңа материалдар келесі күндер мен аптада кезең-кезеңімен жарияланатыны хабарланды.
Айта кетейік, бұл суреттер АҚШ әділет министрлігі 19 желтоқсанға дейін жариялауы тиіс «Эпштейн файлдарының» құрамына кірмейді.