Өзбекстанда 27 жыл бойы мақта саласы ғылыми тәсілсіз дамып, соның салдарынан алқаптардағы еңбек жағдайы ауыр болды. Бұл туралы ел президенті Шавкат Мирзиёев Сырдария облысының фермерлерімен өткен кездесуде айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі «Өзбекстан 24» телеарнасына сілтеме жасап.
«Өміріміз мақта алқабында босқа өтіпті. 27 жыл қиналдық. Барлығымыз алқаптардағы «мақта апатын» көзімізбен көрдік, бірақ нәтиже болмады. Бұрын барлығын алқаптарға айдап шығатын. Ақша да, техника да бермейтін, ғалымдарға деген құрмет болмады. Тіпті Сырдария облысында бір гектардан 25 центнер де жинай алмадық. Ең бастысы – бұрын өзіміз өндірген мақта шығындарымызды да жаппайтын», – деді Мирзиёев.
Президент қазіргі таңдағы өнімділік көрсеткіштерін мысалға келтірді. Ол Жыззахтан шыққан бір фермердің гектарынан 85 центнер мақта жинағанын айтты. Сырдариядағы кездесуде жергілікті диқан «87» сортынан 76 центнер мақта алғанын айтып, мұны ғажайыпқа балады. Оның сөзінше, адамдардың еңбегіне деген қызығушылығы артқан, өйткені олар өз еңбегінен нақты табыс көре бастаған.
Мемлекет басшысы қазір елдің дұрыс бағытта келе жатқанын, бірақ жұмысты әлі де жетілдіру қажет екенін атап өтті. 2026 жылға қарай Өзбекстанда 4,5 млн тонна шитті мақта дайындау мақсаты қойылған. 2025 жылы елде 3,765 млн тонна жиналғанын еді.
Еске салайық, Өзбекстанда мақтаны күшпен жинату ондаған жылдар бойы, атап айтсақ, кеңестік кезеңде де, Ислам Каримов президент болған (1991–2016 жж.) тұста да жалғасып келді. Бұл уақытта Мирзиёев премьер-министр қызметін (2003-2016 жж.) атқарған еді. Жыл сайын мақта алқаптарына бюджет саласының және жеке ұйымдардың қызметкерлерін, студенттер мен оқушыларды жаппай шығаратын. 2000-жылдардың ортасында Cotton Campaign халықаралық коалициясы Uzbek Cotton Pledge акциясын бастап, оған шамамен 300 киім бренді қосылды. Олар Өзбекстанда мақта жинаудағы мәжбүрлі еңбек жойылғанша, өзбек мақтасын пайдаланбайтындарын жеткізді.