Трамптың Азия елдеріне сапары басталды

1320
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/wP3vtkRUAG6TT3ZrbYhdGLNgtG8r1BTXd4YuGxhX.webp

АҚШ президенті Дональд Трамптың Азияға  ресми сапары басталды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Жұма күні кешке Вашингтоннан ұшып шыққан Трамп 25 қазан таңында Малайзия астанасы Куала-Лумпурге қонды.

Бұл сапар оның қаңтарда билікке қайта оралғаннан кейінгі алғашқы Азия турнесі. Президенттің айтуынша, үлкен саяхат Малайзия, Жапония және Оңтүстік Кореяны қамтиды.

Трамппен бірге мемлекеттік хатшы Марко Рубио, қаржы министрі Скотт Бессент және сауда өкілі Джеймисон Грир жүр. Малайзияда ол премьер-министр Анвар Ибрахиммен кездесіп, ASEAN саммитіне (26–28 қазан) қатыспақ. Саммитке жаңадан сайланған Жапония премьері Санаэ Такаити (ел тарихындағы алғашқы әйел үкімет басшысы), Қытай премьері Ли Цян, Оңтүстік Корея президенті Ли Чжэ Мён, сондай-ақ Бразилия, Оңтүстік Африка, Канада, Аустралия және Жаңа Зеландияның басшылары қатысады.

Биылғы саммиттің ерекшелігі — 1999 жылдан бері алғаш рет Шығыс Тимордың ASEAN ұйымына қосылуы. Күн тәртібінде экономикалық интеграция, Мьянмадағы соғыс, Оңтүстік Қытай теңізіндегі шиеленіс, Газа аймағындағы жағдай, киберқылмыстың өсуі және Трамп енгізген тарифтердің аймақтық саудаға әсері талқыланбақ.

Сапар аясында Трамп Малайзиямен сауда келісіміне қол қойып, сонымен қатар Тайланд пен Камбоджа арасындағы бейбіт келісімге қатысады деп күтілуде. Бұған дейін, 29 шілдеде, екі ел Трамптың арағайындығымен атысты тоқтату жөнінде келісімге келген болатын. Осы бастамасы үшін Трамп Нобель бейбітшілік сыйлығына үміткер атанған еді.

27 қазанда ол Жапонияға аттанып, премьер Такаитимен келіссөз жүргізеді және император Нарухитоның қабылдауында болады. Токио мен Вашингтон жазда сауда келісімін бекіткенмен, кейбір техникалық мәселелер әлі нақтылауды қажет етеді.

Келесі бағыт — Оңтүстік Кореяның Кёнчжу қаласы, мұнда Трамп APEC саммитіне (30 қазан – 1 қараша) қатысады. 

Америкалық БАҚ дерегінше, Трамп әкімшілігі Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ынмен кездесу мүмкіндігін де талқылаған. Дегенмен Ақ үй бұл ақпаратты ресми түрде растаған жоқ.

 

Пікірлер