«Қайрат» – «Реал Мадрид» матчының билеттері сатылымға шығады

1082
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/Y9ehLK9iSLkeZ2NoPV2zj4dhtnu2iWewvACHyTYm.jpg

«Қайрат» футбол клубы УЕФА Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі өз алаңындағы ойындарға билет сату тәртібін жариялады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Клубтың мәліметінше, «Қайрат» – «Реал Мадрид» кездесуі үшін билеттер 23 қыркүйекте, Алматы уақытымен 17:00-де сатылымға шықпақ. Оларды клубтың ресми сайты, Ticketon сервисі және Qairat SuperApp мобильді қосымшасы арқылы сатып алуға болады.

Әр жанкүйер бір ЖСН бойынша екі билеттен артық ала алмайды. Деректер сатып алу кезінде де, стадионға кірерде де тексеріледі.

Билеттердің бағасы УЕФА талаптарына сай 30 000 теңгеден 250 000 теңгеге дейін белгіленген. Сондай-ақ әлеуметтік және клубтық квота бойынша билеттердің бір бөлігі «Қайрат» Академиясының ойыншылары мен жаттықтырушыларына, паралимпиадалық спорт өкілдеріне, клуб ардагерлері мен қызметкерлеріне үлестіріледі. Қолданыстағы серіктестік келісімдер аясында демеушілерге де белгілі бір квота қарастырылған.

ФК «Қайрат» жанкүйерлерді сақ болуға шақырып, әлеуметтік желілерде билеттердің алдын ала сатылымы туралы жалған ақпарат тарап жатқанын ескертті. Билеттерді тек ресми арналар арқылы сатып алу ғана олардың түпнұсқалығын және стадионға кіру құқығын қамтамасыз етеді.

Пікірлер