Бүгін, 17 қыркүйекте президент Қасым-Жомарт Тоқаев Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезінің ашылуында сөз сөйледі, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Мемлекет басшысы Астана төрінде бас қосқан әлемнің ең беделді рухани көшбасшылары мен басқа да қатысушыларға ілтипат білдіріп, Съезд жұмысына қолдау көрсеткендері үшін алғыс айтты.
«Қазір жер жүзінде сын-қатерлер көбейіп, халықаралық ахуал ушығып тұр. Соның салдарынан түрлі қақтығыстар көбеюде. Алмағайып кезең ешкімге оңай болып жатқан жоқ. Өкінішке қарай, соғыстың сипаты мен болмысы белең алуда. Дегенмен біз өткен заманнан дұрыс сабақ алып, сындарлы әрі ашық келіссөздерге ұмтылуымыз керек. Мәмілеге балама жоқ. Бұл тұрғыдан алғанда, бүгінгі Съездің мән-маңызы айрықша. Дін басшыларын гуманистік көзқарастарды ту еткен Бейбітшілік елшілері деп айтуға болады. Сіздер ортақ мүдде үшін бірігіп, әлем жұртшылығын игі мақсат жолында жұмылдыруға ниет білдіріп отырсыздар. Баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді ол.
Қасым-Жомарт Тоқаев әлемде мәдениеттер арасындағы қарама-қайшылық күшейіп, сауда және санкция текетірестері бәсеңдемей тұрғанына, жаппай қарусызданудың орнына әскерді жарақтандыру жарысы басталып кеткеніне тоқталды.
«Дүниежүзінің әртүрлі аймағында жүріп жатқан гибридті соғыстардың майдан шебі айқын емес. Алайда қисапсыз адам шығынына ұшыратып, толассыз босқындар нөпіріне түрткі болуда. Экономикаға орасан зор залал тигізіп отыр. Ядролық қақтығыс қаупі қатты алаңдатады. Сарапшылар зұлымдық пен мейірімділік тартысқа түсетін мұндай шешуші сәттің болу ықтималдығы соңғы он жылда күрт артқанын жиі айта бастады. Өкінішке қарай, әлемде конструктивті ұсыныстарды ортаға салып, саяси ұстамдылық танытудан гөрі өшпенділік өршіп, геосаяси жіктің арасы алшақтап, әлеуметтік шиеленіс одан сайын ушығып барады. Менің ойымша, мұндай қилы кезеңде диалогқа шақыратын, бірін-бірі жатсынуды доғаруға үндейтін, халықаралық аренадағы өзара сенімді арттыратын басты амал ретінде конструктивті дипломатия алдыңғы орынға шығуы керек»,– деді президент.