АҚШ Еуроодақпен сауда келісімін жасады. Бұл туралы ел президенті Дональд Трамп Шотландияда Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Лейенмен өткен кездесуден кейін айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Мемлекет басшысы Еуроодақ АҚШ-тан 750 миллиард долларға энергия ресурстарын сатып алуға, сондай-ақ АҚШ экономикасына қосымша 600 миллиард доллар инвестиция салуға келіскенін мәлімдеді. Одан бөлек, Брюссель қомақты қаржыға әскери техника сатып алмақ.
«Бұл келісім Еуроодаққа 1 тамыздан бастап енгізілуі мүмкін болған 30 пайыздық кеден салығынан құтылуға мүмкіндік береді. Өз кезегінде Брюссель америкалық экспортқа нарығын ашып, кеден салығын нөлге дейін төмендетеді»,—деді Трамп.
Келісім аясында АҚШ ЕО-дан келетін импорттың басым бөлігіне, соның ішінде автокөліктерге, 15% көлемінде кеден салығын енгізеді. Бұған дейін ЕО-дан АҚШ-қа жеткізілетін көліктер мен автобөлшектерге 25% салық салынатын.
АҚШ президенті бұл келісімді “ең ірі келісім” деп атады.
АҚШ-тың сауда министрі Говард Лютниктің айтуынша, ЕО-дан келетін жартылай өткізгіштер мен дәрі-дәрмектерге қатысты кеден салығы мәселесі екі апта ішінде шешіледі.
Еске салайық, бұған дейін Bloomberg агенттігі Еуроодақтың Вашингтон тарапынан енгізілуі мүмкін 30%-дық тарифтерге жауап ретінде АҚШ өнімдеріне 30% кедендік баж салығын салуға дайындалып жатқанын жазған еді.
АҚШ елшілігіне орысша виза сұрап барған қазаққа консул "неге қазақша сөйлемейсің?" деп отказ беріпті.