Қызылорда облысының Шиелі ауданындағы 2 елді мекен көгілдір отынға қосылды

2365
Adyrna.kz Telegram

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Шиелі ауданына жасаған жұмыс сапары аясында Ақмая, Алғабас ауылын көгілдір отынға қосу салтанатты шарасына қатысты. 

Аймақ басшысы алдымен Ақмая елді мекені тұрғындарын құттықтап, халықтың тұрмысына қажетті ауыз су, газ тарту, жол салу мәселелерінің кезең-кезеңімен шешілетінін тілге тиек етті.

- Елді мекендерді көгілдір отынмен қамтамасыз ету қарқынды жүзеге асып, ауданның жаңа тынысы ашылып келеді.  Соның дәлелі – биыл Шиелі кенті 100 пайыз газбен қамтылды. Жақаев, Бидайкөл, Байсын, Н.Бекежанов, Қодаманов елді мекенінің тұрғындары көгілдір отын игілігін көруге мүмкіндік алды.
Осындай нәтижелі жұмыстың арқасында аудан халқының әлеуметтік жағдайы жақсарып, тұрмысы түзелуде. Табиғи газ – тіршілікті жеңілдетіп қана қоймай, қоршаған ортаны қорғауға, орман қорын сақтауға зор мүмкіндік береді. Сондықтан игілікті істің адамзат үшін пайдасы зор, - деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Бұған дейін ауыл халқы жыл сайынғы есепті кездесуде елді мекенге көгілдір отын жүргізуді жиі көтеріп келген. Бүгін Ақмая ауылындағы 500-ге жуық тұрғын үй табиғи газбен қамтамасыз етілді. Айта кетейік, бұл мақсатқа республикалық, жергілікті бюджеттерден 460 млн.теңге қаралған.

Ал, Алғабас ауылындағы 600-ге жуық үйді табиғи газбен қамтуға республикалық және жергілікті бюджеттен 488 млн.теңге бөлінген.
Салтанатты шараға қатысқан өңір басшысы ауыл халқының өмір сүру деңгейі қалалықтармен теңескенін жеткізіп, қуаныштарына ортақтасып, ақжарма тілегін жеткізді.

Айта кетейік, алдағы уақытта Шиелі ауданына қарасты Бестам, Досбол датқа, Еңбекші, Жиделіарық елді мекендеріне газ құбырын жүргізуге қажетті бюджеттік өтінім тапсырылса, Алмалы, Тәжібаев елді мекендеріне газ құбырын жүргізудің жоба-сметалық құжаттамалары әзірленіп, сараптамаға ұсынылды.
Биыл ауылдық елді мекендерді газдандыру бойынша 13 жобаны іске асыру басталса, оның 7-уі осы жылы аяқталады. Нәтижесінде, 15 мыңнан астам халқы бар 7 елді мекен табиғи газға қол жеткізіп, оны тұтынатын халық санының үлесі 68 пайызға жетпек. Бүгінде Шиелі ауданын табиғи газбен қамту үлесі 56,4% құрайды.

Пікірлер