ҚазИТУ-да өзекті мәселені қамтыған халықаралық конференция өтті

1994
Adyrna.kz Telegram

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Мемлекеттік қызметкерлер және бүкіл қоғам біртұтас ел ретінде алдымызда тұрған міндеттерді орындау үшін жұмылуға тиіс» дей келе, ғылымға да бет бұру қажеттігін алға тартып, баса назар аударған болатын.

Президенттің алға қойған міндеттерін орындауда жоғары оқу орындары да белсенділік танытып, қыруар жұмыс жүргізіп отыр.

Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінде «Жаңа Қазақстан: ел дамуының парадигмасының өзгеруі: жоғары мәдениет және білім» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Оған Ресей, Тәжікстан, Қырғызстан және т.б. шетелден арнайы шақырылған мамандар, ғалымдар қатысты.

Алғашқы сөзді Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінің ректоры Гүлнәр Сәрсенбекова алып, аталған оқу орны тұрақты дамудың жаһандық міндеттерін шешуге қабілетті көшбасшылардың жаңа буынын қалыптастыруда жұмыс істеп жатқанын атап өтіп, конференцияға қатысушыларға сәттілік тіледі.

Оңтүстік-Орал мемлекеттік университетінің (Ұлттық Зерттеу Университеті) кафедра меңгерушісі Ирина Потороко «Пикеринг эмульсиялары негізіндегі жаңа буын тамақ жүйелерінің технологиясы» тақырыбын жан-жақты қозғады. Ол өз сөзінде стратегиялық мақсат – жаһандық ғылыми және технологиялық көшбасшылыққа қол жеткізу, үлкен Оралдың индустриясына әзірлемелерді енгізу екенін тілге тиек етті.

«Ж.Жиенбаев атындағы Қазақ өсімдіктерді қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институты» ЖШС Басқарма Төрағасының ғылым жөніндегі орынбасары Жан Ниязбеков фитосанитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі өсімдіктерді қорғау және карантин перспективаларын кеңінен қаузаса, Таулы Алтай мемлекеттік университетінің ректоры Виталий Недельский компаниялар мен бизнес-модельдердің сын-қатерлері мен трансформациялары, платформалық экожүйелер мен сервистік модельдерді негізге ала отырып, өсіп келе жатқан күрделілік әлеміндегі өзгерістерді енгізу, өзгерістерге қарсы тұру және жұмыс орындарын трансформациялау туралы баяндады.

Ұлттық биотехнология орталығы Бас директорының орынбасары Владимир Киян АӨК саласындағы биотехнологияның мүмкіндіктері мен даму перспективаларын сөз етсе, И.Рогов атындағы Қолданбалы биотехнология институтының директоры Татьяна Данильчук Ресей мен Қазақстандағы жылқы етінен жасалған ысталған шұжық нарығының жағдайына тоқталды.

Пленарлық отырыстың соңы секция жұмысымен жалғасты. «Ауыл шаруашылығы: даму мәселелері мен болашағы», «Техника мен технологияны дамытудың инновациялық аспектілері», «Тіршілік қауіпсіздігі және экология мәселелерін шешудегі жаңа ғылыми тәсілдер», «Экономика, басқару және экономикалық қауіпсіздіктің өзекті мәселелері» және «Қазіргі ғылымның парадигмасы – өркениеттің әлеуметтік-гуманитарлық аспектілерінің үйлесімділігіне жол» тақырыбын қамтыған секция жұмысы сәтті аяқталды.

Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция жұмысына қатысушылар конференцияның жоғары деңгейде ұйымдастырылған атап өтіп, ұйымдастырушыларға алғыс айтты.

”Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер