Биыл цифрлық майнингтен бюджетке 652 млн теңге түсті. Бұл туралы мемлекеттік Кірістер комитеті мәлімдеді, деп хабарлады “Адырна” ұлттық порталы.
«2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап цифрлық майнинг үшін төлемақы енгізілді. Цифрлық майнинг үшін төлемақы еліміздің 12 аумағының төлеушілерінен түскен. Ең көп төлем Нұр-Сұлтан қаласынан түскен және бюджетке 277,3 млн теңге төленген. Одан кейінгі орындарда БҚО, Ақтөбе облыстары тұр. Аталған облыстар тиісінше 143,1 млн және 48,9 млн теңгеден қаражат төлеген», – делінген хабарламада.
Комитеттің хабарлауынша, аталған төлемақы республикалық бюджетке түседі. Салық кодексінде цифрлық майнинг үшін төлемақы бойынша салық есептілігін тапсыру көзделмеген. Төлемақы сомасы электр энергиясының 1 киловатт-сағаты үшін 1 теңге мөлшерінде есептеледі.
«Қазір Парламентте цифрлық майнинг үшін төлемақы ставкасын ұлғайтуды көздейтін заң жобасы қарастырылып жатыр» деп толықтырды комитет.