Непалдағы жойқын су тасқыны. Қаза тапқандар саны өсіп барады

149
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/OOFn59NKJoI93TFxBEwcKPdhHVtylQxryJzVMLvk.webp

Фото: Reuters

Непалда жойқын су тасқыны мен лай көшкінінен қаза тапқандар саны 469 адамға жетті. 800-ден астам тұрғын мен шетелдік азаматтан әлі хабар жоқ. Құтқару жұмыстары жалғасып жатқанымен, өңірде жаңа су тасқынының қаупі сақталып отыр. Бұл туралы ВВС жазды, деп хабарлайды "Адырна".

Апат Тибетпен шекаралас аумақта болған. Қатты лай көшкіні таулы өзен арнасын бөгеп, су деңгейінің күрт көтерілуіне себеп болған. Табиғи апаттан Непалмен қатар Қытайдың Тибет аймағы да зардап шекті. Қытайлық БАҚ-тың мәліметінше, Тибетте кемінде үш адам қаза тауып, 550-ден астам адаммен байланыс үзілген.

Непал премьер-министрі Балендра Шахтың айтуынша, іздеу-құтқару жұмыстарына 13 мыңнан астам әскери қызметші мен полиция қызметкері жұмылдырылған. Бейсенбі күні апат аймағына 69 әуе рейсі жасалып, 573 адам қауіпсіз жерге шығарылған.

Зардап шеккендер үшін уақытша орналастыру орындары ұйымдастырылып, жараланғандарға медициналық көмек тегін көрсетіліп жатыр. Үкімет қазіргі уақытта адамдарды құтқаруға, хабар-ошарсыз кеткендерді іздеуге және тұрғындарға гуманитарлық көмек жеткізуге басымдық беріп отыр.

Жаңа тасқын қаупі бар
Құтқарушыларға табиғи апаттың қайталану қаупі айтарлықтай кедергі келтіруде. Алғашқы тасқын болған жерде Бхотекоши өзенінде үйінділердің жиналуынан көл пайда болған. Оның су деңгейі қазір көтеріліп жатыр.
Непалдың төтенше жағдайлар қызметі көлдегі судың арнасынан асып, жаңа су тасқынын тудыруы мүмкін екенін ескертті. Қытайдың мемлекеттік БАҚ-тары бұл жағдай 1 қыркүйек шамасында болуы ықтимал екенін хабарлады.

Қызыл Крест ұйымының Непалдағы делегациясын басқаратын Дэвид Фишердің айтуынша, жаңа тасқын қаупі құтқару және гуманитарлық көмек көрсету жұмыстарын қиындатып отыр.

«Бізді ең қатты алаңдататыны – жаңа су тасқыны қаупі бар аумақта әлі жүрген адамдардың өмірі», – деді ол.

Непал билігінің мәліметінше, 826 адам хабар-ошарсыз кеткен. Олардың арасында туристер, жергілікті тұрғындар және қауіпсіздік күштерінің қызметкерлері бар.
Хабарсыз кеткендердің ішінде бірнеше елдің азаматтары бар:

Үндістан – 177 адам;
АҚШ – кемінде 63 адам;
Украина – 53 адам;
Малайзия – 28-ден 55 адамға дейін;
Австралия – 34 адам;
Ұлыбритания – 33 адам;
Канада – 25 адам;
Оңтүстік Корея – 9 адам;
Германия – кемінде 8 адам;
Сингапур – 6 адам;
Оңтүстік Африка Республикасы – 6 адам;
Ресей – 5 адам;
Жапония – 5 адам;
Жаңа Зеландия – кемінде 5 адам.

Сондай-ақ, бір Қазақстан азаматы да хабар-ошарсыз кеткен.

Бұл туралы Қазақстанның сыртқы істер министрлігі хабарлаған болатын. 

Алдын ала мәлімет бойынша, қазақстандық туристік топ құрамында Непалдан Қытайға шекара арқылы өткен. Қазір оның қайда екені белгісіз.

Непал билігі бұған дейін хабар-ошарсыз кеткен 100-ге жуық үндістандық турист пен 25 қытайлық жұмысшының табылғанын хабарлаған.
Украина Сыртқы істер министрлігі Непалда кемінде 53 украиналық туристпен байланыс үзілгенін мәлімдеді. Ведомство әзірге украиналықтардың қаза тапқандар немесе зардап шеккендер арасында бар-жоғы туралы ақпарат түспегенін атап өтті.

Апат салдарынан қаза тапқандардың денелері өзеннің төменгі ағысындағы аудандардан да табылуда. Читван ауданында 103 адамның денесі өзеннен шығарылған.

Жергілікті ауруханалар мәйіттердің барлығын қабылдай алмай жатқандықтан, билік арнайы шатырлар тігіп, қаза болғандардың туыстарын қабылдауға дайындық жүргізуде. Тұлғасы анықталмаған мәйіттер ДНҚ сараптамасына жіберіледі.

Құтқару жұмыстарына Үндістан да көмек көрсетіп жатыр. Апаттан зардап шеккен аудандарға тікұшақтар арқылы шатырлар, азық-түлік және басқа да қажетті заттар жеткізілуде.

Қазір Непалда мыңдаған құтқарушы мен әскери қызметкер табиғи апаттың зардаптарын жоюға жұмылдырылған. Билік тұрғындарды өзен жағалауларынан аулақ болуға және жаңа тасқын қаупі туралы ескертулерді мұқият орындауға шақырды.

Комментарии
Другие материалы