Атом өнеркәсібі, фармацевтика, инновация. Тоқаев пен Макрон Астанада не талқылады?

1599
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан мен Франция президенттері Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эммануэль Макрон БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Ақорданың баспасөз қызметі.

Екіжақты келіссөздерден кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Франция Президенті Эмманюэль Макрон бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін бірлескен мәлімдеме жасады.

"Биыл екі ел арасындағы Стратегиялық әріптестік туралы келісімге қол қойылғанына 15 жыл толды. Достық пен өзара қолдауға негізделген осы ынтымақтастықты одан әрі нығайту – ортақ міндетіміз. Біз бірге күш жұмылдырып, көздеген мақсатқа жетеміз. Мен бұған кәміл сенемін. Сондықтан бүгінгі сапардың мән-маңызы айрықша", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Президент Эмманюэль Макронмен мазмұнды келіссөз жүргізіп, екіжақты байланысты нығайту жөнінде нақты келісімдерге қол жеткізгеніне назар аударды.

– Франция – Қазақстанның ең ірі сауда серіктесінің бірі. Биылғы сегіз ай ішінде сауда-саттық көлемі өткен жылмен салыстырғанда 21 пайызға өсті. Яғни 2,7 миллиард долларға жетті. Сондай-ақ Франция негізгі шетелдік инвесторларымыздың қатарына кіреді. Соңғы 15 жылда Франциядан Қазақстанға 18,7 миллиард долларға жуық инвестиция тартылды. Бүгінде біз энергетика, атом өнеркәсібі, тау-кен, химия, машина жасау, құрылыс заттарын өндіру, аэроғарыш және фармацевтика салаларында маңызды жобаларды жүзеге асырып келеміз. Елімізде Alstom, Total Energies, Orano, Vicat сияқты 170-тен астам француз компаниясының табысты жұмыс істеуі – соның айқын дәлелі, – деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, келіссөздер барысында сауда, экономика және инвестиция салаларындағы ықпалдастықтың ауқымын кеңейтуге баса мән беріліп, шикізат, ауыл шаруашылығы, көлік, логистика, жеңіл өнеркәсіп, денсаулық сақтау, инновация, қаржы және басқа да секторларда тың жобаларды қолға алу маңызды екені атап өтілген.

Бұған қоса, президенттер мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастықтың маңызды екенін ескеріп, білім және ғылым бағыттарындағы жобаларды жүзеге асыру жөніндегі уағдаластыққа қол жеткізген. Мемлекет басшысы француз мектептерін ашуға, француз тілін үйретуге, академиялық байланысты арттыруға бағытталған бірқатар келісімге қол қойылғанын айтты.

Екі ел басшылары аймақтық және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасып, әлемдегі түрлі саяси шиеленістер мен түйткілдер бейбіт және дипломатиялық жолмен шешілуге тиіс деген байламға келген.

"Сонымен қатар Франция Президенті Қазақстанның әлемдегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісінде маңызды рөл атқаратынына тоқталды."Компанияларымыз бұл іске оң септігін тигізе алатынына сенімдімін. Біз нарықты нығайтуға үлес қоса аламыз. Бұл ретте аусылға қарсы вакцина өндірісі жобасын жүзеге асыру туралы маңызды келісімге қол қойылды. Сондай-ақ денсаулық сақтау саласында орнатылған серіктестіктің келешегі зор. Президент мырза, Сіз халықтарымыз арасындағы байланыстардың маңызды екенін айттыңыз. Біз білім беру бағытындағы ынтымақтастыққа қатысты бірқатар келісімдерге қол қойдық", – деді Франция Президенті.

Келіссөздер нәтижесінде Қазақстан мен Франция басшылары Бірлескен мәлімдеме жасады және екі елдің ресми делегация мүшелері мынадай құжаттарға қол қойды:

  1. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстанда Француз даму агенттігі тобын құру және оның жұмыс істеуі туралы келісім;
  2. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасында халықаралық (француз) мектептер ашуға және Қазақстан Республикасының білім беру ұйымдарында француз тілін оқытуға қатысты келісім;
  3. Франция мен Қазақстан арасындағы стратегиялық пайдалы қазбалар бойынша ынтымақтастық туралы бірлескен ниет декларациясы;
  4. «QazBioPharm «ҰХ» АҚ мен Boehringer Ingelheim Animal Health France компаниясы арасында Қазақстан Республикасында аусылға қарсы вакцинаны жергілікті өндіру бойынша ынтымақтастық, лицензия және жеткізу туралы келісім;
  5. Энергияны жинақтау жүйесі бар, жиынтық қуаты 1 ГВт жел электр станцияларын салу жобасы бойынша бірлескен кәсіпорын туралы келісім;
  6. «Қазақстан Республикасында теміржол локомотивтері мен жылжымалы құрамды, сондай-ақ теміржол техникасының қосалқы бөлшектерін өндіру және оларға сервистік қызмет көрсету» жобасын іске асыру жөніндегі инвестициялар туралы келісім.
Пікірлер