Житомирлік жігіт - Малюк! Бұл суреттегі - Украина Қауіпсіздік қызметінің бастығы Василий Малюк дейтін мықты. Шені - генерал-лейтенант. Жасы 42-де. Кешегі Ресей авиациясын аяусыз тепкілеген "Тор" дейтін операцияға тікелей жауапты адам. Жаудың бомбалаушы ұшақтарын талқандауға тапсырманы президент Зеленскийдің өзі берген. Ал операцияны Малюк басқарған.
Сол Малюк бүгін бүйдеді:
- Кешегі Ресейге қарсы операциясының қорытындысы бойынша, Ресейдің 41 ұшағы істен шықты. Олардың ішінде — А-50, Ту-95, Ту-22 М3 және Ту-160 стратегиялық ұшақтары бар. Сәтті соққылар Ресейдің «Белая», «Дягилево», «Оленья» және «Иваново» аэродромдарына жасалды. Бұлар Ресейдің тылындағы негізгі базалар. Ондағы қанатты зымырандарды алып ұшатын стратегиялық ұшақтардың 34%-ы талқандалды. Келтірілген шығын көлемі болжалды түрде 7 млрд долларды құрайды. Арнайы операция 1,5 жыл бойы әзірленді, - деді.
Малюктің өмірдерегін шолып отырсақ:
Бұл жігіт 2014 жылдары (Ресей басқыншылығы басталған жылдар) Донбасс үшін шайқастарға қатысқан екен.
2022 жылдың қазаны естеріңізде болар. 8 қазанда, Путин 70-ке толған күннің ертесінде Қырым көпірінде жарылыс болды. Ол жолы да көпір үстінде ЖАРЫЛҒЫШ ЗАТ ТИЕЛГЕН ЖҮК КӨЛІГІ ЖАРЫЛДЫ.
Ол Ресей басқыншылық жылдары миллиардтап ақша құйып, Путиннің өзі келіп ашқан Кремльдің "мега жобасына" жасалған ауқымды соққылардың бірі болған.
2023 жылы дәл осы Малюк: "2022 жылдың қазанындағы Қырым көпіріне соққыны жеке мен дайындадым", - деп мәлімдеген.
Ресейлік әскери корреспондент Татарскийге, украиналық сатқын депутат Киваға, ресейлік жазушысымақ Прилипинге жасалған қастандықтарға да дәл осы Малюктің тікелей қатысы бар. Оны Малюктің өзі де ашық айтқан.
Міне, бұл Малюк - сондай Малюк!
Adyrna.kz ұлттық порталының маңызды ақпараттарына жазылу
Соңғы жаңалықтар туралы хабардар болыңыз