Жазушы, фольклоршы, баспагер, тарихшы-этнограф Зейнолла Мүбәракұлы Сәнік арамызда болса бүгін 85 жасқа толар еді.
Қаламгер 1935 жылдың 15 сәуірінде Қытай халық республикасының Тарбағатай аймағына қарасты Шағантоғай ауданында Барлық тауының баурайында дүниеге келген. 1957 – 1970жж. Үрімжідегі «Жастар баспасында» редакторлық қызмет атқарады. 1970 – 1978жж. «Халық жауы» атанып Бұратала облысының Жың ауданында еңбекпен өзгертуде болады. Сол кезде жинаған материалдарын 1980 жылы жазушы Оразбек Қанапин екеуі құрастырып, баспадан шығарды. «Қазақ ертегілері»(2 кітап) «Қазақ балалар ертегілері»(2 кітап), «Қабанбай батыр», «Қаракерей Қабанбай», «Қазақ емшілігі мен дәрігерлігі»(алғысөзін жазып, баспаға дайындаған) сынды кітаптар сол жанкешті еңбегінің нәтижесі еді.
1978-жылы ақталғаннан кейін, «Халық баспасында» редактор, 1980 жылы «Шыңжаң халық баспасының» қазақ редакциясына редактор, 1982 жылы тете-аға редактор, 1986 жылы аға-редакторлық кәсіптік-техникалық атақ алған, 1992-1999жж. «Шыңжаң жастар өрендер» баспасында жетекші маман ретінде аға редактор болып еңбек етті.
Алматыдан әр жылдары «Хан батыр Қабанбай», «Баспай», «Сергелдең», «Қазақ этнографиясы», «Сүлеймен би» кітаптары жарық көрді. 2017-жылы «Ан Арыс» баспасынан 15 томдық шығармалар жинағы қалың қауымға жол тартты. З.Сәнік шығармашылығы туралы «Мәңгілік жол», «Зейнолла Сәнік шығармашылық мұралары» атты ғылыми-зерттеу, естелік еңбектері жарық көрді. Жазушының ұшан-теңіз мұралары жоғары оқу орындарындағы студенттер мен магистранттардың зерттеу тақырыбына айналып, ғылыми айналымға енді.
Қытай мемлекеттік жазушылар қоғамының, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі.
2018-жылы құрылған «Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қоры» – қаламгердің шығармаларын насихаттау, зерттеумен қатар әдеби-мәдени, ғылыми бағыттағы іс-шараларды өткізіп келеді.
Оқырманға қаламгердің белгілі шежіреші, өлкетанушы Бейсенғали Садықанұлымен бірігіп жазған Қабанбай туралы тарихи-эсселерінің бір парасын ұсынамыз.
ҚАЗАҚТЫҢ БАТЫРЛЫҚ ЖЫРЛАРЫ
ЖӘНЕ ЕР ҚАБАНБАЙ
Қазақ халқы өзінің қалыптасу сапарында тайпалық, халықтық, ұлттық дәуірлерді бастан өткергені сияқты, оның батырлық жырлары да тайпалық, халықтық, ұлттық дәуірлерді басып өтіп, біртіндеп дамып, біздің дәуірімізге жетіп отыр. Сондықтан қазақ халқының батырлық жырларына ұзақ тарихты бастан кешіріп, талай заманаларды аттандырып салып, өз бойына бірқыдыру дәуірлердің таңбасын басып, дәмін сіңіріп келген асыл мұра ретінде қарауымыз керек.
«Қазақ эпосы бірнеше ғасырлардан бері жасалып келеді. Оның алғашқы жасалу тарихы қазақ халқының шығу тарихымен байланысты. Қазақ халқы ескідегі батыс түрік қағандар (Ү–VІІ ғ.), Қыпшақ, Оғыз рулары (ҮІІІ–Х ғасырлар), Ақ Орда және Ноғайлы ордасының жұртшылығы, өзбек хандарының тайпаларына (ХІІІ–ХҮІ ғ.) кірген рулардан таралады. Қазақтың батырлық жырларының ежелгі ескерткіштері осы тайпалар жөніндегі аңыз-әңгімелермен байланысты».1
Міне, мұнан біз қазақтың батырлық жырларының тегі тым арыда жатқандығын, онан талай дәуірдің таңбасын көруге болатындығын, бұған қарап оны зерттеу жұмысының да өте мүшкіл жұмыс екендігін біле аламыз.
Қазақ халқының арасына ежелден бері кеңінен таралған және ертерек зерттеліп, бүкіл дүниеге танылған батырлық жырларынан – «Алпамыс», «Қобыланды», «Ер Тарғын», «Қамбар батыр» жырларын ерекше атауға болады. Мұның ішінде «Алпамысты» өзбек, қарақалпақ, татар, башқұрт, т.б. халықтар да өз батыры ретінде жырлайды. Міне, мұнан «Алпамыстың» шығу тегінің тіпті ұзақта жатқандығын, ол Орта Азия халықтарының ұлт болып қалыптасудан бұрынғы ортақ батырлық жыры екендігін көруге болады.
Ал Оғуз тайпасына (ҮІІІ–ІХ ғ.) кіретін Қыпшақ руының «эпостық дәстүрі Ноғайлы руларының арасында көбірек тарайды. Осыдан Ноғайлы, Қыпшақ руларына байланысты қазақ батырлар жырының бірнешеуі шығады. Мысалы, «Қобыланды батыр», «Ер Тарғын», «Ер Сайын», «Қамбар батыр», т.б. шығармалардың ең басты кейіпкерлері де, олардың төңірегіндегілер де ноғайлы мен қыпшақ болып келеді». 2
Қырғыз халқының «Манасы», Қарақалпақ халқының «Қырық қызы» сияқты қазақ халқының батырлық жыры «Қырымның қырық батыры» деген атпен ерекше көзге түседі. Мұнда қырыққа жуық батырдың ерлігі тізбектеле, тұтас алынып жырланады. Оған ертедегі батырлармен қатар, орта ғасыр – Қырым хандығының бірен-саран батырларының ерлігі де енген.
Жыр сонау Алтын Орда дәуірінен бастап ХІХ ғасырға дейінгі қазақ халқының қоғамдық тарихын, әлеуметтік жағдайын айқын бейнелеген.
Жырды мазмұнына қарай үшке бөлуге болады.
Редакциядан

- Аңшыбай батырдың ұрпақтары – «Аңшыбай», «Парпария», «Едіге батыр», «Нурадин», «Мұсахан», «Орақ-Мамай», «Қарасай-Қази», т.б.
- «Қарадөң» батырдың ұрпақтары: «Қарадөң», «Жұбаныш», «Сүйініш», «Ер Бегіс», «Көгіс», «Төгіс» «Тама», т.б.
- Бөлек-бөлек жеке жырлар: «Ақжонасұлы ер Кеңес», «Манашаұлы Тұяқбай», «Қыдырбайұлы Қобыланды», «Айсаның ұлы Ахмет», «Алау батыр», «Шынтемірұлы Төрехан», «Қосай батыр», «Телағыс», «Абат», «Тоған», «Асанқайғы», «Әмет батыр», «Көкше батыр», «Қазтуған», «Көрғұлы Сұлтан», т.б.
- Қазақтың батырлық жырларының негізгі мазмұны шетелдердің, шет тайпалардың шабуылынан қорғану немесе олардың көрсеткен зорлық-зомбылығы үшін кек алу, солардың құлдығынан халықты құтқару негізіне құрылған, осылардың ішінде, көбірек ауызға алынатыны, басты жау болып көрінетіні – моңғол феодалдары мен жоңғар шонжарлары. Бұлай болуы да тарихи шындыққа әбден үйлесімді, өйткені сонау ХІ – ХІІ ғасырларда, Шыңғысхан қазақ сахарасына шабуыл жасап, барлық қазақ тайпаларын, сондай-ақ бүкіл Орта Азия мен Еуропаның көп бөлегін өзіне қаратып, билік жүргізгеннен, ХҮІІІ ғасырдың 50-жылдарының аяғында жоңғар феодалдарының шапқыншылығы түбегейлі жойылуға дейінгі аралықта, яғни осы екі ортадағы алты-жеті ғасыр бойына қазақтар мен моңғолдар жауласып өткен. Сондықтан «Алпамыс» жырында қалмақ ханы Тайшыққа қарсы күрес суреттелсе, «Қобыланды» жырында қызылбастарға (басына қызыл байлаған моңғолдарға) қарсы күрес суреттеледі: ал «Ер Тарғын» жырында ноғайлы елінің он сан Оймауыт, тоғыз сан Торғауыттың Оллалай, Бұллалай атты хандарына қарсы күресі сөз болса, «Қамбар батыр» жырында қалмақ ханы Қараманға қарсы күрес әңгімеленеді. Тіпті ХҮІІ – ХҮІІІ ғасырларда туған «Сабалақ» (Абылай хан туралы жазылған батырлық жыр), «Ер Қабанбай», «Есенкелді батыр», т.б. жырлардың бәрі дерлік жоңғар феодалдарына қарсы күресті негіз етеді. Мұндай жағдай Орта Азияда жасаушы басқа халықтардың батырлық жырларында да кездеседі. Мысалы, қарақалпақтың батырлық жыры «Қырық қызда» Күләйім бастаған қарақалпақтың қырық қызының қалмақ ханы Сұртайшаға қарсы күресі айтылған.
- Қазақ батырларының жауы қашан да осал болмайды. Олар көбінде керемет алып адам немесе алып дию-тажал пері, айдаһар, жезтырнақ болып келеді. Сонда да осы батырлар жеңіп шығады. Мысалы, «Қобыланды» батырдың жауы Барса былай суреттеледі:
- Қазақ батырларының көбі бала кезінен-ақ батырлықтың белгісін көрсетеді. Халқымыздың «болар бала боғынан» деуі де осыны меңзесе керек. Алпамыс батыр дүниеге келерде Шашты Әзиз деген әулие, оның әке-шешесіне аян береді. Аянда Алпамыс атты ұл бала көретіндігі, оның «найзаласаң өтпейтін, қылыш шапшаң кеспейтін», «қалмаққа қарсы қас батыр» болатындығы айтылады. Ал Қобыланды батырдың шешесі Қобыланды құрсақтағы кезде жерік болып:
- Қазақ батырларының әйелдері көбінде батырдың адал жары, жауынгер серігі болып келеді. Қиын-қыстау күндерде батырға ақыл беруші, азаптан құтқарушы ретінде суреттеледі. Кейде батырмен бірге соғысқа қатынасып, қан майданда ерлік көрсетеді. Сан ғасыр қазақ елінің жүрегін жайлаған феодалдық тәртіп әйелдерді іске алғысыз етіп кемсітіп, от басы, ошақ қасынан шығармағанымен, халық өзінің адал, ержүрек қыздарына батырлық жырлардың төрінен орын берген.
- Қазақ батырлық жырларының тағы бір үлкен ерекшелігі – батырға сай ат туады. Батырдың аты өзіне жан серік, жебеуші, құтқарушы, қасиетті жануар ретінде суреттеледі. Кейде батырдың атының шабысына қиял-ғажайып араласып, оның жүрісінен халық құдіретінің, ел айбынының дүмпуі, қатулы ғазап, ызалы кектің керемет екпіні білінеді.
- Қазақ батырларының көбі жауын жекпе-жек сайыста жеңеді. Жекпе-жек сайыс ол күндегі батырлықтың бір шарты және сыналар жері болса керек. Екі жақтың сайысы қашан да нанымды, сұрапыл, қиян-кескі етіп суреттеледі. Жау батыры қаншалық алып, кейіп-кеспірі қаншалық керемет болса да, ақыры жеңіліп тынады. Қазақ батырларының күш-құдіретіне әсірелеулер қосылып, адам сүйсінерлік дәрежеде тамаша образды көз алдыңа елестетеді. Сонымен бірге жау жақтың жағымсыз образы да беріледі.
- Қазақ батырларының тамаша образдары, мінездемелері жасалып, қиял аралас ерлігі мен айбыны айқын суреттелген.
- Батырлық жырлар дәуір өте келе өзгерген. Кейбіреуі тым ертеде туса да, оған кейінгі дәуірлердің дәмі, бояуы сіңіп отырған. Тіпті кейбір батырлық жырын әр ақын өзінше жырлап, бір жырдың бірнеше түрін, яғни вариантын тудырған. «Қобыланды» жырының он бес варианты, «Қамбар» жырының төрт варианты, «Арқалық» жырының төрт варианты, міне, осылай туған. Мысалы, бізде – «Арқалық» жырының Асқар нұсқасы, Солтан нұсқасы, Алтай нұсқасы, Қаба нұсқасы деген варианттары бар. Бұлардың бәрі де Арқалықтың ерлігін өзек еткен. Бірақ оқиға желісі, шығарма құрылысы жағынан бірі біріне ұқсамайтын болғандықтан, әрқайсысы бір-бір вариантқа жатады.
- Ел намысы, жер намысы, ата мекеннің бүтіндігі мен ұлт бостандығы ежелден бері қазақ батырларының ерлігіне жебеу, қайратына демеу болып келген. Алпамыстың ерлігі Қоңырат елінің амандығын қорғау, бала-шағасын құлдықтан құтқару, шетел шапқыншыларының құлдануынан құтқару жолындағы ерлік болса, Қобыландының ерлігі Қыпшақ елінің бостандығы жолындағы ерлік, Қамбар мен Ер Тарғынның ерлігі асыл жарлары Назым мен Ақжүніске деген шын сүйіспеншілігінен басталып, ақыры Ноғайлы елін шапқыншылардың шалмасынан азат ету жолындағы ұлы күреске саяды.
- Сұрапыл соғысқа қатынасып, қара топыр қалың қолмен айқасқан батырлардың жараланбай қалуы мүмкін емес. Осындай жағдайда батырлардың қандай төзімділік істегенін көрелік. Кейбір батырлар – «отқа салса күймейтін, суға салса батпайтын», «оқ өтпейтін, қылыш кеспейтін» адам (Қобыланды). Ал Ер Тарғын Бұлғар тауының бауырында белінен мертігіп, далада қалады да, Ақжүністің бағып-қағуымен қайта қайратына мінеді.