Алматы полициясы тәртіпсіздіктерге және азаматтарға зорлық-зомбылық жасауға шақырғаны үшін екі адамды қылмыстық жауапкершілікке тартты деп хабарлайды Sputnik.
Оларды полиция департаменті жедел бөлімінің қызметкерлері анықтады.
"Бұрын қарақшылық жасағаны үшін сотталған, 1990 жылы туған О. және 1987 жылы туған С. танымал мессенджерлер мен әлеуметтік желілер арқылы адамдарды көп жиналатын жерге жиналып, заңсыз әрекеттер жасауға шақырған", - деп хабарлады полиция департаментінің баспасөз қызметі. Полиция олар заңға қайшы қандай әрекеттер жасамақшы болғанын нақтыламады.
Күдіктілерге Қазақстан Қылмыстық кодексінің 272-бабының 3-бөлігі "Жаппай тәртіпсіздіктер" бойынша айып тағылуда. Сотқа дейінгі тергеу басталып, тиісті сараптамалар жүргізілуде.
Егер күдіктілердің кінәсі дәлелденсе, олар үш жылға дейін бас бостандығынан шектелуі немесе дәл сол мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Полиция азаматтарды арандатушылыққа бой алдырмауға, сондай-ақ күмәнді дереккөздерден алынған жалған ақпаратты таратпауға және тек ресми ақпаратты басшылыққа алуға шақырды.
Естеріңізге сала кетейік, 8 ақпанда Жамбыл облысының Кордай ауданындағы жаппай төбелес кезінде Алматыдағы негізінен дүнгендер сауда жасайтын базар жабылды. Қазіргі уақытта базарлар күзетке алынып, жартылай жұмыс істеп жатыр.