4 маусым - Мемлекеттік рәміздер күні

1174
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/content/uploads/2020/06/rәmiz-960x500.jpeg?token=7cfda87be5dc66c81ad0c4327f4b699b
1992 жылғы 4 маусымда тәуелсіз Қазақстанның жаңа мемлекеттік рәміздері алғаш рет бекітілді. 2007 жылы "Мемлекеттік рәміздер туралы" конституциялық заң қабылданды. Осы заңға сәйкес, жыл сайын бұл күн Қазақстан Республикасында Мемлекеттік рәміздер күні ретінде атап өтіледі.

1992 жылы Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін әзірлеу үшін арнайы жұмыс тобы құрылып, шығармашылық комиссия жасақталған. Ел тәуелсіздігінің айғағы болатын Ту, Елтаңба және Әнұран жобаларын дайындауға жалпыреспубликалық конкурс жарияланған.

Конкурсқа 600-ден астам адам қатысып, әрбірі бірнеше нұсқасын ұсынды. Мәселен, мемлекеттік Ту бойынша 1200-ге жуық эскиз ұсынылды. Нәтижесінде, суретші Шәкен Ниязбековтің нұсқасы таңдалып, қазіргі Ту ресми түрде бекітілді.

Елтаңба бойынша өткізілген байқауға 245 сурет жобасы мен 67 кескіндемелік жұмыс ұсынылған. Байқау комиссиясы үздік жоба ретінде Жандарбек Мәлібеков пен Шота Уәлихановтың авторлық эскизін таңдады. Олардың ұсынған елтаңба жобасы ұлттық нақышты, тарихи тереңдікті және заманауи мемлекеттің болмысын қатар ұштастыра білді. Бұл уақытта Жандарбек Мәлібеков 50 жаста еді. Ол Өзбекстандағы Самарқанд қаласында бас сәулетші болып қызмет еткен.

1943 жылы дәл осы күні Қазақ КСР-нің алғашқы мемлекеттік әнұранын жазуға байқау жарияланған. Әнұран сөзі бойынша өткізілген байқауда Қайым Мұхамедхановтың мәтіні таңдап алынған. 27 жастағы жігіттің жазған әнұраны «Ер қазақ ежелден еркіндік аңсаған» - «Героический казахский народ издревле мечтал о свободе» деп басталады. Бұл мәтінге 30 жастағы композитор Мұқан Төлебаев  ән жазған.  
Comments