Жемқорлыққа қарсы митингіден соң премьер де қуылды

1523
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/content/uploads/2025/06/51de4713-2587-4fd6-96be-087195e754a2-960x500.jpeg?token=f6306dcd95aacf51940313daf1a93f2b

2025 жылғы 3 маусым күні Моңғолия астанасы Ұланбатырда бірнеше аптадан бері жалғасып жатқан жемқорлыққа қарсы наразылықтар аясында елдің премьер-министрі Лувсаннамсрайн Оюун-Эрдэнэ отставкаға кететінін мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна”.

Бұған дейін, парламент – Моңғолияның Ұлы мемлекеттік хуралы премьер-министрдің отставкасын жасырын дауыс беру арқылы қабылдаған еді.

Ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, Лувсаннамсрайн Оюун-Эрдэнэ жаңа премьер-министр тағайындалғанға дейін өз міндетін уақытша атқара береді. Заңға сәйкес, Моңғолияда жаңа үкімет басшысы 30 күн ішінде тағайындалуы тиіс.

Әлемдік агенттіктердің мәліметінше, Ұланбатырдағы наразылық шерулеріне қатысушылар Оюун-Эрдэнэнен 22 жастағы ұлының табыс көзін ашық жариялауды талап еткен. Оның қалыңдығы әлеуметтік желілерде қымбат сыйлықтардың суреттерін жариялаған: бриллиант жүзік, көлік және брендтік сөмке.

AFP агенттігі хабарлағандай, наразылыққа жастар белсенді түрде қатысуда. Олар «Отставка – бұл оңай» деген ұранмен шығып жатыр.

Лувсаннамсрайн Оюун-Эрдэнэ 2021 жылдан бері Моңғолия премьер-министрі қызметін атқарып келген. Ол өзіне тағылған барлық жемқорлық айыптауларын жоққа шығарып отыр.

Comments